Қазақстанда зейнетақы тағайындау ережесі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлем рәсімінің бір бөлігін цифрлық форматқа көшіріп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп бойынша мамандар қажет деректі мемлекеттік жүйелерден өздері сұратады. Яғни зейнетақы рәсімдейтін адам бұрынғыдай анықтама жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмеуі керек.
Зейнетақыға өтінішті қағаз түрінде де, онлайн форматта да беруге болады.
Бірақ мемлекеттік базада қажет мәлімет табылмаса, құжатты азаматтың өзі әкеледі. Оған 25 жұмыс күні беріледі.
Тағы бір өзгеріс қолданыстағы зейнетақы ісіне қатысты. Бұрын қағаз түрінде жүргізілген істер архивке жіберіледі. Ал электронды нұсқасы жүйеде мерзімсіз сақталады.
Негізгі өзгерістер 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Жекелеген нормалар 13 маусымнан қолданыла бастайды. Ведомство дерегінше, қазір Қазақстанда 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







