Журналист Азамат Әбілқайыр Қазақстан азаматтығын алған қандасқа қатысты әлеуметтік желіде айтылған келеке пікірлерге жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талқылауға тарихи Отанына оралған азамат туралы жаңалықтың астындағы пікірлер себеп болған. Кей қолданушылар Қазақстанды «штрафстан» деп атап, елдегі айыппұл жүйесін сынаған.
Азамат Әбілқайыр TikTok парақшасында жариялаған бейнежазбасында атамекеніне келген адамды мұндай сөздермен қарсы алу орынсыз екенін айтты.
Журналистің пікірінше, бұл қоғамның бір бөлігінде жауапкершілік мәдениеті әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Оның айтуынша, елге оралған қандасқа кекесін емес, қолдау қажет.
Азамат Әбілқайыр айыппұл жүйесін сынайтындардың көбі оның қандай әрекеттер үшін салынатынын ескере бермейтінін айтты. Оның сөзінше, айыппұл негізсіз пайда болмайды.
«Айыппұлдар жайдан-жай салынбайды. Олар нақты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған. Қоғамдық орындарда түкіру, қоқыс тастау, жол қозғалысы ережелерін бұзу, жылдамдықты асыру, камера жоқ жерде тәртіпті елемеу сияқты әрекеттер үшін қолданылады. Егер адам заңды сақтап, тәртіпке бағынса, оған айыппұл келмейді», деді журналист.
Ол өз ұстанымы қандай да бір мүддеден емес, қоғамдағы тәртіпті қолдаудан туындайтынын жеткізді.
Азамат Әбілқайырдың айтуынша, жол ережесін бұзу, көшеге қоқыс тастау немесе қоғамдық орынды ластау басқа азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан айыппұлды тек жазалау құралы ретінде емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру тетігі ретінде қабылдау керек.
Журналист өз тәжірибесін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, көлік сатып алғанына бір жарым жыл болған. Осы уақыт ішінде бірде-бір айыппұл алмаған.
Азамат Әбілқайыр дамыған елдердегі жоғары өмір сапасы ең алдымен тәртіп пен заң талаптарының сақталуына негізделетінін атап өтті.
Ол он жыл бұрын мұндай айыппұлдар болмағанын айтып, өткенді аңсайтындарға да пікір білдірді. Журналистің ойынша, мұндай көзқарастың астарында кейде өз әрекеті үшін жауапкершілік алғысы келмеу жатады.
Әлеуметтік желідегі бейнежазба астында көпшілік журналистің ұстанымын қолдаған. Қолданушылар елдегі тәртіп, тазалық және заңға бағыну мәдениеті әр азаматтан басталатынын жазған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







