Алматыда атышулы Kizdar_net ресурсының жұмысына нүкте қойылды. Қалалық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде сайттың ықтимал ұйымдастырушылары ұсталды, деп хабарлады Ertenmedia.kz.
Тергеу дерегінше, ресурс 2011 жылдан бері ақылы интим қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылған. Яғни сайт жылдар бойы секс-қызмет нарығына арналған ірі алаң ретінде жұмыс істеп келген.
Күдіктілердің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігі бойынша сараланып отыр. Сот шешімімен олар қамауға алынды.
Тінту кезінде қомақты көлемде қолма-қол ақша, цифрлық активтер, компьютерлік техника және іске қатысы бар өзге де заттай дәлелдер тәркіленген. Алдын ала есеп бойынша, сайт арқылы түскен заңсыз табыс 2 млрд теңгеден асқан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іс Алматы прокуратурасының ерекше бақылауында.
Контекст
Kizdar_net төңірегіндегі дау бұған дейін де қоғам назарында болған. Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын Ішкі істер министрлігі осы сайтқа қатысты тергеудің қалай жүріп жатқанын айтқан еді. Ол кезде Kizdar_net секс-қызмет көрсетушілердің жарнамасын жариялайтын ең ірі платформалардың бірі ретінде аталды.
2023 жылы сайттың 11 менеджері ұсталған. Сол кезде ресурстың жалпы айналымы 8 млрд теңгеден асқаны хабарланған еді.
Алайда 2024 жылдың қыркүйегінде ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. Себебі сол тұста заңда онлайн жеңгетайлық үшін нақты жаза қарастырылмаған болатын. Кейін Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Бірақ сайт домен атауларын қайта-қайта ауыстырып, бұғаттаудан жалтарып келген. Осы жайт оны толық жабуды ұзақ уақыт қиындатқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







