iPhone 18 Pro смартфондары Apple тарихындағы ең қымбат модельдердің біріне айналуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылар жаңа линейка бағасының өсуін камера модульдері мен жад компоненттерінің қымбаттауымен байланыстырып отыр. The Wall Street Journal дерегінше, Apple өндіріс шығыны артқандықтан, болашақ iPhone 18 Pro бағасын қайта қарауы ықтимал.
Болжам бойынша, iPhone 18 Pro базалық нұсқасы 1300-1400 доллар аралығында сатылуы мүмкін. Теңгеге шаққанда шамамен 676-728 мың теңге болады. Қазіргі iPhone 17 Pro бағасы 1100 доллардан басталатынын ескерсек, жаңа модель сатып алушылар үшін 200-300 долларға қымбат болуы ықтимал.
Ixbt мәліметінше, бағаның өсуіне Apple-дің тек табысты көбейту ниеті емес, өндірістік шығынның артуы әсер етіп отыр. Бұған дейін Apple басшысы Тим Кук компания негізгі компоненттер, соның ішінде жад бағасының қымбаттауына тап болғанын айтқан.
Тағы бір маңызды фактор камераға қатысты. Танымал сарапшы Мин-Чи Куоның мәліметінше, iPhone 18 Pro үшін әзірленетін жаңа камера модульдері алдыңғы буынмен салыстырғанда шамамен 50 пайызға қымбат болуы мүмкін. Егер осы болжам расталса, iPhone 18 Pro Max бағасы 1500 доллардан басталуы ықтимал. Қазақстандық нарық үшін бұл шамамен 780 мың теңге деген сөз.
Осы тұста iPhone Ultra туралы әңгіме де күшейе түсті. Бұған дейін Apple одан да премиум нұсқа шығаруы мүмкін деген болжам айтылған. Мұндай құрылғының бағасы 2000 долларға, яғни шамамен 1 миллион теңгеге жақындауы мүмкін. Алайда Apple жаңа смартфондардың нақты бағасын әлі ресми жариялаған жоқ.
Қазақстандықтарға iPhone 18 Pro бағасы арзан болады деп үміттену қиын. Себебі техника құны тек қазіргі доллар бағамымен емес, болашақ жеткізілім, логистика, нарықтағы сұраныс және валюта тәуекелі арқылы қалыптасады. Тіпті доллар уақытша арзандаса да, жаңа iPhone бағасына айтарлықтай жеңілдік әкелмеуі мүмкін.
Сарапшылар алдағы айларда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қайта өсуі ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Сондықтан Apple расымен бағаны көтерсе, iPhone 18 Pro мен iPhone 18 Pro Max Қазақстанда қазіргі болжамнан да қымбатқа түсуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







