Қазақстандық спортшылар өткен демалыс күндері олимпиадалық спорт түрлерінен өткен халықаралық жарыстарда 19 медаль жеңіп алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық құрамалар әлемдік және құрлықтық додаларда табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына алтын, күміс және қола жүлде салды. Бокс, каратэ, жеңіл атлетика, семсерлесу және нысана көздеу спортынан жеткен нәтижелер Қазақстан спортының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін тағы бір көрсетті.
Ең үздік нәтиже Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогінің екінші кезеңінде тіркелді. Қазақстан боксшылары 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева турнир чемпионы атанды.
Индонезияның Бали аралында өткен WKF каратэден Азия чемпионатында да Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. Жоламан Биғабыл мен Олжас Алтынбек Азия чемпионы атанды.
Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия эстафеталық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Аралас құрамдағы 4×400 метрлік эстафетада Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс топ жарды.

Нысана көздеуден де Қазақстан құрамасының қоржыны толықты. Германияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Ринат Казаченко 50 метр қашықтықта үш қалыптан кіші калибрлі винтовкамен ату сайысында күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі болды.
Демалыс күндеріндегі 19 медаль отандық спортшылардың дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижеге айналып келе жатқанын аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







