Қазақстанда базалық мөлшерлеме төмендегенімен, несие жақын арада күрт арзандай қоймауы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға түсірді. Бұл шешім инфляцияның баяулауы, теңгенің нығаюы және ішкі нарықтағы баға қысымының біршама әлсіреуі аясында қабылданды. Дегенмен сарапшылар мұны ақша-кредит саясатының бірден жұмсаруы деп қабылдауға асықпау керек екенін айтады.
Әлемдік экономикадағы жағдай әлі де құбылмалы. АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр. Америкада инфляциялық тәуекел сақталғандықтан, арзан ақша дәуіріне оралу әзірге кейінге шегерілді.
Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігінің жаңа импорттық баж салығын талқылауы жаһандық саудадағы белгісіздікті күшейтіп тұр.
Қарыз алушыға жеңілдік жоқ
Қазақстан үшін сыртқы фактордың салмағы жоғары. Мұнай бағасы, доллар бағамы, әлемдік сұраныс, АҚШ пен Еуроодақтың сауда саясаты және геосаяси ахуал теңге мен инфляцияға тікелей әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк ставканы түсірсе де, алдағы шешімдерде сақ қимылдауы мүмкін.
Қаржы кеңесшісі Арман Байғанов базалық мөлшерлеменің төмендеуі күтпеген шешім болмағанын айтады. Оның пікірінше, бұған инфляцияның баяулауы және теңгенің нығаюы ықпал еткен. Теңге күшейген кезде импорттық тауар арзандап, ішкі нарықтағы баға қысымы азаяды. Бірақ бір пайыздық тармақ экономикадағы несие құнын бірден төмендетуге жеткіліксіз.
Сарапшының сөзінше, 17 пайыздық мөлшерлеме әлі де жоғары деңгей. Сондықтан бизнес пен халық үшін несие қымбат болып қала береді. Банктер тәуекелді, инфляциялық күтуді және нарықтағы өтімділікті ескереді. Сол себепті кредит ставкалары базалық мөлшерлемемен қатар бірден түспейді.
Бірінші кезекте өзгерісті депозит ұстаған азаматтар сезінуі мүмкін. Банктер салым бойынша сыйақы мөлшерлемесін біртіндеп төмендетуі ықтимал. Ал несие нарығында әсер баяу көрінеді. Әсіресе тұтынушылық несие мен бизнеске берілетін қарыз әлі де қымбат ресурс болып қала береді.
Экономистер жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме тағы төмендеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ мұндай қадам инфляцияның әрі қарай баяулауына, мұнай нарығындағы тұрақтылыққа және теңге бағамына байланысты болады. Егер сыртқы қысым күшейсе немесе импорт қымбаттаса, Ұлттық банк сақтыққа қайта оралуы мүмкін.
Сақтық ставкасы
Қазақстан экспорттаушылары үшін тағы бір сын-қатер бар. Еуроодақ көміртегі реттеу талаптарын күшейтіп жатыр. Бұл еуропалық нарыққа өнім шығаратын компанияларға қосымша шығын әкелуі мүмкін. Еуроодақ Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болғандықтан, мұндай талаптар экспорт табысына, кәсіпорын пайдасына және бюджет түсіміне әсер етуі ықтимал.
Қазір нарық үшін басты сұрақ, инфляцияның баяулауы қаншалықты тұрақты болатынында. Егер баға өсімі қайта үдеп, доллар нығайса немесе мұнай арзандаса, ставканы төмендету қарқыны баяулауы мүмкін. Ал инфляция төмендеп, теңге тұрақты болса, Ұлттық банк жыл соңына дейін тағы бір қадам жасауы ықтимал.
Қысқаша айтқанда, базалық мөлшерлеменің төмендеуі азаматтар мен бизнес үшін жағымды сигнал. Бірақ арзан несие кезеңі әлі басталған жоқ. Алдағы айларда салым бойынша табыс аздап төмендеуі мүмкін, ал қарыз алушылар нақты жеңілдікті бірден сезіне қоймайды. Экономика үшін шешуші фактор инфляция, теңге бағамы және сыртқы нарықтағы тұрақтылық болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







