Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қатарынан екі рет төмендеткен соң, қазақстандық банктер салым шарттарын қайта қарай бастады. Kaspi, Home Credit Bank және Freedom Bank депозит табыстылығына өзгеріс енгізгенін хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, шілдедегі шешімнен кейінгі ең елеулі өзгеріс Kaspi-де байқалған.
«Бұған дейін жинақтаушы Kaspi депозитінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайыз еді. 5 тамыздан бастап ол 19 пайыз деңгейінде белгіленеді», – деді сарапшы.
Home Credit Bank үш айға салынатын «Сберегательный Хоум+» депозиті бойынша ең жоғары мөлшерлемені 20,5 пайыз көлемінде сақтап қалды. Алты айлық салымның табыстылығы 19 пайыз, бір жылдық депозиттікі 15 пайыз болып отыр.
Freedom Bank те «Капитал» салымының шарттарын жаңартқан. Бір және үш айға орналастырылған қаражатқа 18 пайыз, ал алты айлық депозитке 18,5 пайыз сыйақы есептеледі.
Венера Жаналинаның сөзінше, банктер базалық мөлшерлеменің өзгерісіне бір мезетте әрі бірдей жауап бермейді. Әр қаржы ұйымы депозит құнын өзінің қор жинау қажеттілігіне, ішкі стратегиясына және бәсекелестердің ұсынысына қарай белгілейді.
Жекелеген салымдардың табыстылығы төмендегенімен, депозит инфляциядан қорғанудың тартымды құралы болып қалып отыр. Шілдеде жылдық инфляция 10,2 пайызға дейін баяулаған.
Сарапшы жуық арада қажет болмайтын қаражатты қазіргі мөлшерлемемен бекітіп қоюды қарастыруға кеңес береді. Депозит таңдағанда жарнамадағы ең жоғары пайызға ғана емес, оның қанша уақытқа берілетініне, шотты толықтыру мүмкіндігіне, автоматты ұзарту тәртібіне және ақшаны мерзімінен бұрын алғандағы шығынға назар аударған жөн.
Қаржыгер барлық жинақты жоғары табысты жинақ депозитіне салуды құптамайды. Мұндай салымнан ақшаны мерзімінен бұрын шешкен адам есептелген сыйақының басым бөлігін жоғалтуы ықтимал. Сондықтан күнделікті қауіпсіздік қоры үшін қаражатты еркін алуға мүмкіндік беретін икемді депозит тиімдірек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







