Қазақстан Ауғанстанға 318,8 тонна гуманитарлық көмек пен дәрігерлер тобын жіберді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды. Сапар аясында Ауғанстан халқына гуманитарлық көмектің кезекті партиясы жеткізіліп, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобы жіберілді.
Гуманитарлық жүктің жалпы салмағы 318,8 тоннаны құрады. Оның құрамына дәрілік препараттар, медициналық бұйымдар, 300 тонна қант, 100 орындық жазғы шатырлар, төсек-орын жабдықтары және басқа да қажетті заттар енгізілген. Дәрі-дәрмек арасында вирусқа қарсы, қант диабетіне қарсы, гастроэнтерологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған және бронходилататорлық препараттар бар.
Жүктің негізгі бөлігі Балх провинциясындағы Хайратон стансасына теміржол арқылы жеткізілді. Ал кейбір дәрілік заттар қазақстандық делегациямен бірге әуе көлігі арқылы тасымалданды. Гуманитарлық көмекті жеткізу KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Делегация құрамына Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман кірді. Олардың арасында педиатрлар, гастроэнтерологтер, хирургтер, травматологтер және өзге де бейінді дәрігерлер бар. Ауғанстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында олар бір апта бойы жергілікті тұрғындарға кеңес беріп, практикалық медициналық көмек көрсетеді.
Қазақстандық мамандар ауған әріптестері үшін шеберлік сабақтарын да өткізеді. Мұндай формат екі ел дәрігерлері арасында тәжірибе алмасуға, нақты клиникалық дағдыны бөлісуге және медицина саласындағы гуманитарлық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Серік Жұманғарин гуманитарлық көмек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жіберілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Тұрақты әрі дамуға бет алған Ауғанстан бүкіл өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін маңызды.
Вице-премьердің сөзінше, Қазақстан жіберген көмек тек гуманитарлық қолдау ғана емес, ынтымақтастық пен жауапкершіліктің көрінісі. Ол адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауда дәрігерлер үшін нақты шекара жоқ екенін айтып, биылғы миссия өткен жылы басталған медициналық қолдаудың жалғасы екенін жеткізді.
Қазақстанның Кабулға барған миссиясы гуманитарлық көмекпен шектелмейді. Сапар іскерлік сипатқа да ие. Бұл Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда, көлік, медицина және өңірлік әріптестікті дамытуға бағытталған кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі саналады.
Ауғанстанға жіберілген дәрігерлер мен гуманитарлық көмек Қазақстанның өңірлік жауапкершілікке бейілді екенін көрсетеді. Мұндай қадам Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы сенім, тұрақтылық және практикалық ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды гуманитарлық миссия ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







