Шығыс Қазақстан облысында шомылуға арналған 23 ресми орын жабдықталды. Оның үшеуі Өскемен қаласында орналасқан. Қалған шомылу орындары облыстың қала-аудандарында жұмыс істейді. Шомылу маусымы басталар алдында арнайы комиссиялар демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жағажай маңындағы су айдындарының түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 18 өтінім түскен. Соның 10-ы жаппай демалуға арналған 23 ресми орынның дайындығын тексеруге қатысты.
Облыс су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖД-ның 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Рейдтік шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер және әскери қызметшілер тартылған.
Самар ауданындағы Новостройка ауылында мобильді бекет қойылды. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге 170 ескерту белгісі орнатылды. Сонымен қатар Өскемен қаласында, Алтай және Ұлан аудандарында 38 қоғамдық құтқарушы даярланды.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 1900-ден астам рейдтік іс-шара өткізілді.
ТЖД тұрғындарға тек ресми рұқсат берілген орындарда шомылуға кеңес береді. Мамандар тыйым салынған аумақта суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру және қауіпсіздік ережесін елемеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







