Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» фестиваліне 35 мыңға жуық қонақ келді. Қарқара жайлауында халықтың ұлттық рухын оятып, дархан даланы думанға бөлеген үлкен мереке өз мәресіне жетті. Биылғы фестивальге еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шетелден келген меймандар қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қымызмұрындықта ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыс өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздар марапатталды. Қарқара төрі бірнеше күн бойы ат дүбірі, балуан белдесуі және ұлттық өнердің қуатымен жаңғырып тұрды.
Мерекедегі ең әсерлі көріністің бірі Мыңжылқы төсін дүбірлеткен мың жылқының шеруі болды. Жер тарпыған жылқының екпіні жиналған жұрттың рухын көтеріп, сайын даланың еркін тынысын сездірді.
Көпшіліктің назарын бәйге де ерекше аударды. Биыл аламан жарыста екі жүзге жуық таңдаулы шабандоз бақ сынады. Жүлде қоры да қомақты болды. Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігін иеленді. Екінші орынға 2,5 миллион теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге берілді.

«Түйе палуан» жарысы да жанкүйерлер асыға күткен басты бәсекенің бірі болды. Білекті балуандар боз кілемде күш сынасып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және ақшалай жүлдемен марапатталды.
Қымызмұрындықта «Қошқар көтеру» сайысы да өтті. Сырттай қарапайым көрінгенімен, мұндай жарыс үлкен күш, төзім, қолдың қарымы және дұрыс әдіс талап етеді. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген спортшы оны өз жүлдесі ретінде алды.
«Алыптар сайысында» қатысушылар нағыз күш пен жігердің үлгісін көрсетті. Олар найза лақтырып, темір шыбық иді. Ауыр тасты көтеріп жүріп, 100 келілік бөренемен жаттығу жасады. Сонымен қатар 500 келілік арбаны сүйреп, көрерменді тәнті етті.
Алыптар сайысының жеңімпазы 1,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды. Өзге жүлдегерлерге де ақшалай сыйақы табысталды.

Негізгі жарыстардан бөлек, фестивальде қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу және көшпелі өмір салтымен сабақтас өзге де ұлттық сайыстар ұйымдастырылды.
Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық – 2026» ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеген маңызды мәдени шара ретінде есте қалды. Мереке қымыздың қадірін ғана емес, елдік дәстүрдің, дала мінезінің және ұлттық болмыстың терең тамырын тағы бір танытты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







