Түркия билігі 2015 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға және қолдануға өмір бойы тыйым салу ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі шамамен бір жыл әзірлеген заң жобасы қазан айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіне ұсынылмақ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат әзірге заңды күшіне енген жоқ және оның түпкілікті нұсқасы парламенттегі талқылаудан кейін анықталады. Бастама қабылданса, 2015 жылдан кейін туғандарға кәмелет жасына жеткен соң да темекі сатып алуға рұқсат берілмейді. Осылайша Түркия темекі шегетіндердің жаңа буыны қалыптаспауын көздеп отыр.
Заң жобасында темекі қораптарының дизайнын өзгертіп, оларды бірыңғай стандартқа көшіру ұсынылған. Жастар мен әйелдерге тартымды өнім ретінде насихатталатын «slim» форматындағы жіңішке темекілерді саудадан толық алып тастау да қарастырылып отыр. Кәмелетке толмағандардың темекі сатып алуына тосқауыл қою үшін жеке тұлғаны растау жүйесін күшейту жоспарланған.
Мұндай қатаң шараға елдегі темекі саудасының өсуі себеп болған. Сарапшы Токер Эргүдердің мәліметінше, 2012 жылы Түркияда шамамен 91 мың тонна немесе 4,5 миллиард қорап темекі сатылса, 2025 жылы көрсеткіш 160 мың тоннаға және 8 миллиард қорапқа жеткен. Жаңа бастама балалар мен жастарды никотинге тәуелділіктен қорғап, келешекте темекіден туындайтын ауруларды азайтуға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







