Қазақстан қоғамы қасірет пен құрбандық образын романтизациялаудан арылып, еңбекпен жетістікке жеткен адамдардың тарихын көбірек айтуы керек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Баспагер Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше, қазақ әдебиеті әлемдік әдеби үрдістен қалып қойды. Оның айтуынша, жазушылар постмодернизм туралы айтып жүрген кезде әлем метамодернизм кезеңіне өтіп кеткен.
Бұқарбай қазіргі әдебиетте, музыкада, блогтарда және әлеуметтік желідегі контентте азап, ауыр тағдыр, жәбірленуші бейнесі тым көп кездесетінін айтады. Оның ойынша, мұндай сарын аудитория назарын жинайтын құралға айналып барады. Бірақ қоғамға өзін аяйтын кейіпкерден гөрі, тағдырын өзі қалыптастыратын адамның үлгісі қажет.
Баспагер Дулат ағаның «Өкпек жолаушы» кітабын оқығанын айтып, шығармадағы кейіпкерлердің өмір бойы бір-біріне өз қасіретін баяндауы оған жақын болмағанын жеткізді. Оның пікірінше, әдебиет адамға сыртқы күштің құрбаны ретінде қарамай, керісінше, қиындықты еңсеруге қабілетті тұлға ретінде қарауы тиіс.
«Адам өз тағдырын өзі қалыптастыра алады деген идея болуы керек. Ал кей шығармалардан “сыртқы күштер болды, біз ештеңе істей алмадық, өмір бойы қиналдық” деген ой көрінеді. Мұндай кейіпкерлер маған жақын емес», дейді Бақытжан Бұқарбай.
Оның айтуынша, тоталитарлық кезеңде азап пен құрбандық тақырыбының тарихи негізі болғаны рас. Бірақ қазіргі қазақ басқа жағдайда өмір сүріп жатыр. Ол өз жеріне, өз ауылына, өз қаласына ықпал ете алатын буынға айналды. Сондықтан бүгінгі қазақты тек жәбірленуші бейнесінде көрсету дұрыс бағыт емес деп санайды.
Бұқарбай қоғамға еңбек, тәртіп, табандылық және жеке жауапкершілік арқылы биікке көтерілген адамдардың тарихы керек екенін айтады. Ол мысал ретінде ағылшынның Chelsea клубымен келісімшартқа отырған жас футболшы Дастан Сәтпаевты және халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп жүрген мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты атады.
Баспагердің пікірінше, осындай оқиғалар жастарға нақты мотивация береді. Себебі олар табысқа сыртқы көмекпен емес, үздіксіз еңбекпен, тәртіппен және қиын бәсекеге төтеп беру арқылы жетуге болатынын көрсетеді.
Ол Қазақстан күрделі әрі бәсекесі жоғары салаларға көбірек назар аударуы қажет деп есептейді. Соның ішінде элиталық спорт, ғылым, технология, мәдени индустрия және халықаралық деңгейде мойындалатын бағыттар бар. Бұқарбайдың ойынша, қазақ жастары әлемдік аренада бұрын мүмкін емес көрінген нәтижеге қол жеткізе бастады.
Баспагер қиындық өмірдің табиғи бөлігі екенін жоққа шығармайды. Бірақ оны өзін аяуға себеп емес, өсуге мүмкіндік ретінде қабылдау керек дейді. Оның пайымынша, қоғамда жаңа ойлау моделі қалыптасуы тиіс. Онда басты кейіпкер қасірет шеккен адам емес, жауапкершілік алған, дамуға ұмтылған және нақты нәтиже көрсеткен тұлға болуы керек.
«Қазіргі қазақ өз жерін, өз ауылын, өз қаласын өзі басқара алады. Демек ол жеңімпаз», дейді Бақытжан Бұқарбай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







