Бүгінде үлкендерден «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірді жиі естиміз. Бұл сөзбен көпшілік іштей келісетін де шығар. Расында, оқушылар мен студенттердің бос уақытын бақыласақ, олардың көпшілігі уақытын әлеуметтік желілерде өткізетінін көреміз.
Бір жағында – адамға терең білім мен рухани азық сыйлайтын кітап, екінші жағында – бірнеше секунд ішінде көңіл көтеріп, ақпарат ұсынатын TikTok пен Instagram тұр. Сонда жастар кітаптан бас тартты ма, әлде ақпарат алудың жаңа тәсіліне көшті ме?
Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Сабақтан немесе жұмыстан кейін «бір-екі минут қана қараймын» деп әлеуметтік желіге кіріп кететініміз бәрімізге таныс жағдай. Алайда мұның артында психологиялық құбылыс жатыр.
TikTok-тағы қысқа бейнероликтер адам миына жылдам әсер етіп, тез эмоция сыйлайды. Соның нәтижесінде адам жеңіл әрі қысқа ақпаратты қабылдауға үйренеді. Бұл құбылыс «клиптік ойлау» деп аталады. Мұндай жағдайда ұзақ уақыт зейін қойып кітап оқу қиындай түседі.
Дегенмен, бұл мәселенің екінші қыры да бар. Әлеуметтік желі жастарды кітаптан алыстатып қана қоймай, қайтадан кітап оқуға қызықтырып отыр. Соның жарқын мысалы – BookTok тренді. Бұл қауымдастықта жастар өздері оқыған кітаптарын жарнамалап қана қоймай, алған әсерлерімен, ойларымен бөліседі. Осындай бейнероликтер миллиондаған қаралым жинап, көптеген оқырманға жаңа кітаптарды таныстыруда.
Нәтижесінде, 2024 жылы BookTok трендінің ықпалымен әлемде жастар әдебиетінің сатылымы айтарлықтай өсті. Сондықтан «қазіргі жастар кітап оқымайды» деу дұрыс емес. Олар бұрынғыдан өзгеше оқиды.
Бүгінде қағаз кітаптармен қатар электронды кітаптар мен аудиокітаптар кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жастар өзіне қажетті ақпаратты мақалалардан, ғылыми сайттардан және интернет ресурстарынан іздейді. Ақпаратты тұтыну формасы өзгергенімен, білімге деген қажеттілік жойылған жоқ.
Әлеуметтік желіні қазіргі өмірден толық алып тастау мүмкін емес. Оның пайдалы да, зиянды да жақтары бар. Дұрыс пайдаланылған жағдайда ол білім алуға, жаңа идеялар табуға және шығармашылыққа шабыт беретін құралға айналады. Алайда телефонға тәуелді болмай, кітап оқуға да уақыт бөлу маңызды. Күніне небәрі 20–25 минут кітап оқу адамның сөздік қорын байытып, есте сақтау қабілетін жақсартады, ойлау қабілеті мен зейінін дамытады, сондай-ақ ми қызметінің белсенділігін сақтауға көмектеседі.
Қорытындылай келе, «Кітап па, TikTok па? » деген сұраққа біржақты жауап іздеудің қажеті жоқ. Бұл екеуі бір-біріне қарсы емес, керісінше, бірін-бірі толықтыра алады. Әлеуметтік желіден қызығушылық пен шабыт алып, сол тақырыпты кітап арқылы тереңірек зерттеу – ең тиімді жол. Ең бастысы, бос уақытымызды тек телефон экранына емес, өзіміздің білімімізді, ойымызды және тұлғалық дамуымызды жетілдіруге арнай білейік.
Жетен Аяулым
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







