Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесін алаңдаушылықпен күтіп отырғанын айтты деп жазады Ertenmedia.kz.
«Шынымды айтсам, ақпарат кеңістігінде Гүлнардың орны ойсырап тұр», – деді министр.
Балаеваның сөзінше, Бажкенова кәсіби журналист ретінде сапалы сараптамалық материалдар әзірлеп, мазмұнды эфирлер ұйымдастыра алған.
«Ол ма, ол кәсіби маман. Ол өте қызықты сараптамалық материалдар мен эфирлер жасай біледі. Ең бастысы, өз бағдарламасына танымал болу үшін тек хайп пен теріс пікірге сүйенетін, билікті орынсыз сынайтын адамдарды шақырмайды», – деді министр.
Сонымен бірге Аида Балаева іске құқықтық бағаны тек сот беруі керек екенін атап өтті.
«Мен бұл іске қатты алаңдаймын және барлық журналистер сияқты сот процесін жіті бақылап отырамын. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Кімге қалай қарайтынымызға қарамастан, заң бәріне бірдей», – деді ол.
Еске салайық, Гүлнар Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны 2025 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Сол кезде сот оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, журналист жалған ақпарат таратты, аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және бөтен мүлікті иемденді деген күдікке ілінген.
Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Іс бойынша алғашқы сот отырысы 2 шілдеге белгіленген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







