Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған дөңгелек үстел өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара «Конституция – құқықтық мемлекеттің негізі» тақырыбында ұйымдастырылды. Жиынға университет басшылығы, мемлекеттік органдар өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді университеттің Басқарма төрағасы, ректоры Ермек Бөрібаев жүргізді. Ол қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.
Ректордың айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы елдің құқықтық жүйесіндегі маңызды кезең ғана емес, мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын тарихи оқиға саналады.
Ермек Бөрібаев жаңа Ата заңда адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағыттар жеке ведомстволық міндет ретінде емес, мемлекет қызметінің стратегиялық бағдары ретінде бекітіліп отыр. Бұл жоғары оқу орындарына жүктелетін жауапкершілікті де күшейтеді.

Энрико Куальярини Қазақстан халқын жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады. Ол Қазақстан мен Италия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, Марке политехникалық университеті мен Жетісу университеті арасындағы серіктестік жыл сайын нығайып келеді. Қос дипломды бағдарламалар, оқытушылар алмасуы, бірлескен ғылыми зерттеулер және Талдықорғандағы филиал осы байланыстың нақты нәтижесі ретінде аталды.
Дөңгелек үстелде Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан, Физика-математика факультетінің деканы Ілияс Есенғабылов, Құқық және экономика факультетінің деканы Ғалым Телеуов, Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Әлібек Ізбасаров және Гуманитарлық факультет деканы Райгүл Желдібаева баяндама жасады.
Баяндамашылар жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды.
Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жаңа Конституцияда айқындалған құқықтық мемлекет қағидаттарының қоғам үшін маңызы зор екенін айтты. Ол Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты әділетті қоғам мен тұрақты мемлекеттің негізгі тірегі екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты дамуына, заң үстемдігіне және қоғамдық келісімді нығайтуға берік негіз болатынына сенім білдірді.
Жиында құқықтық мәдениетті арттыру, конституциялық құндылықтарды дәріптеу және жастар арасында азаматтық жауапкершілікті күшейту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет екені айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







