Қазақстанда жаңа Конституция күшіне еніп, өңірлерді жедел дамытуға арналған жаңа құқықтық тетік іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Ата заңы ресми түрде қолданысқа енді. Құжатта өңірлерді жедел дамытудың заманауи тетігі қарастырылған. Соның ішінде «жедел дамитын қала» мәртебесі мен арнайы құқықтық режим енгізу маңызды жаңалықтың бірі болып отыр.
Мұндай жаңа модельдің алғашқы алаңы Алатау қаласы болады. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық заң осы ауқымды жобаның құқықтық негізін қалыптастырады. Жаңа мәртебе арқылы Алатау жеке институционалдық құрылымы бар дербес экономикалық экожүйеге айналады.
Арнайы режим 12 ай ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі. 1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік орган ретінде жұмыс істей бастайды. Ал қаланың стратегиялық дамуын басқару Премьер-министрдің тікелей төрағалығымен жұмыс істейтін Кеңеске беріледі.
Алатауда халықаралық инвесторлар үшін жаңа орта қалыптастыру көзделіп отыр. Қаладағы арнайы режим бизнес жүргізуге тұрақты жағдай жасауға бағытталған. Мұнда жеке лицензиялау тәртібі, «бір терезе» қағидаты бойынша тәуелсіз реттеу және капиталды қорғаудың халықаралық тетігі қолданылады.
Қала аумағында арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим жұмыс істей бастайды. Бұл жүйе үздік әлемдік стандарттармен толықтырылады. Жыл соңына дейін жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қолдауымен сәулет, құрылыс және қадағалау саласына арналған нормативтік база әзірленеді.
Алатаудың дамуы қысқа мерзімді жоба ретінде емес, ондаған жылға есептелген стратегиялық жоспар ретінде қарастырылып отыр. Қазір қаланың 30 жылдық ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспары және 2040 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде.
Жаңа қала ақылды әрі технологиялық орталық ретінде дамиды. Корея Республикасымен бірлесіп, 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы жобаланып жатыр. Бұл ауданның құрылысын корейлік әзірлеушілер 2027 жылы бастауы тиіс.
Қаланы басқаруда жасанды интеллект технологияларына ерекше мән беріледі. Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы аясында қаланың толыққанды цифрлық егізін құру жоспарланған. Мұндай шешім инфрақұрылым, көлік, инженерлік желілер, қауіпсіздік және қалалық сервистерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Алатаудың экономикалық негізі қазірдің өзінде қаланып жатыр. Қолданыстағы жол картасында 36 ірі инфрақұрылымдық жоба қамтылған. Сонымен қатар жалпы көлемі шамамен 2 триллион теңге болатын 53 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған.
Бұл жобалар іске асса, шамамен 51 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша, Алатау жаңа Конституцияда белгіленген өңірлік дамудың жаңа моделін іске асыратын алғашқы қалаға айналмақ.
Жоба тек жаңа қала салумен шектелмейді. Ол Қазақстан үшін инвестиция тартудың, технология енгізудің, урбанистикалық басқаруды жаңартудың және жаңа экономикалық өсім нүктесін қалыптастырудың сынақ алаңы болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







