«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауына қатысып, «Өзгерістер қажет» атты сайлауалды бағдарламамен шығатынын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада өткен партияның сайлауалды съезіне партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өңірлік конференцияларда сайланған 200-ден астам делегат, депутаттар, жастар қанатының өкілдері және кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері қатысты.
Съездің негізгі тақырыбы «Ақ жол» демократиялық партиясының Құрылтай сайлауына қатысуы және сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Партия төрағасы Дания Еспаева «Өзгерістер қажет» атты бағдарламаны таныстырды.
Оның айтуынша, Халықтық Конституция Қазақстан дамуының жаңа дәуірін бастап берді. Енді елге тек саяси өзгеріс емес, тұрақты экономикалық өсім, әділ бәсеке, тиімді мемлекеттік басқару және азаматтардың лайықты өмірін қамтамасыз ететін нақты шешімдер қажет.
Бағдарламада партияның көпжылдық бастамалары біріктірілген. Құжатта тәуелсіздік пен ұлттық мүддені қорғау, парламентаризмді нығайту, кәсіпкерлікті қолдау, жемқорлықпен күрес, адами капиталды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және еркін нарықтық экономикаға жағдай жасау сияқты бағыттар қамтылған.
Сайлауалды бағдарлама съезд делегаттары арасында талқыланды. Жиында Қазыбек Иса, Юрий Ли, Берік Дүйсембинов, Олжас Нұралдинов, Мейраш Шынасылова, Бекнұр Бисенов, Ермек Әбілдин, Ақманат Төлегенова, Әлібек Исин және басқа да партия өкілдері сөз сөйледі.

Сондай-ақ съезд Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Тізімге еліміздің барлық өңірінен 63 кандидат енгізілді.
Партиялық тізімде отандық кәсіпкерлік, сарапшылар қауымдастығы, қоғамдық қызмет, медицина, білім, экология, өндіріс, құқық, қаржы және жастар саясаты салаларының өкілдері бар.
Кандидаттар қатарында партия төрағасы Дания Еспаева, Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Ержан Бейсенбаев, Олжас Нұралдинов, сондай-ақ өңірлік филиалдардың жетекшілері мен мәслихат депутаттары енді.
«Ақ жол» партиясы үшін бұл съезд жаңа саяси кезеңге дайындық белгісі болды. Партия Құрылтай сайлауында экономикалық еркіндік, кәсіпкерлікті қорғау, ұлттық мүдде және тиімді басқару мәселесін негізгі ұстаным ретінде ұсынбақ.
Саяси науқан жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы ірі электоралды кезеңдердің бірі болмақ. Сондықтан партиялардың бағдарламасы мен кандидаттар құрамы алдағы саяси бәсекенің мазмұнын айқындайды.
«Ақ жол» съезі партияның Құрылтай сайлауына жүйелі дайындықпен кірісетінін көрсетті. Енді басты өлшем, бекітілген бағдарламаның сайлаушыға қаншалықты түсінікті жетуі және ұсынылған өзгерістердің нақты қоғамдық сұраныспен қаншалықты қабысатыны болмақ
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







