Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров «Самұрық-Қазына» қорын таратып, оның функцияларын бейінді министрліктерге беруді ұсынды. Ол мұндай бастаманы ЖСДП-ның Астанада өткен кезектен тыс XXV съезінде партияның сайлауалды бағдарламасының экономикалық блогын таныстыру кезінде айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Омаровтың пікірінше, Үкімет жұмысына тек макроэкономикалық көрсеткіштер арқылы баға беру жеткіліксіз. Негізгі өлшем азаматтардың әл-ауқатының нақты жақсаруы болуы тиіс.
«Үкіметтің қызметі ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыратын нақты істерімен бағалануы керек. Біз “Самұрық-Қазына” қорын таратып, оның функцияларын бейінді министрліктерге беруді қолдаймыз. ЖСДП Қазақстанның білім экономикасына және ақпараттық-цифрлық қоғамға жедел көшуін ұсынады. Ол үшін білім, ғылым және өндіріс бірыңғай инновациялық-инвестициялық процеске біріктірілуі қажет», – деді Талғат Омаров.
ЖСДП өкілі монополиялар мен олигополиялардың ықпалын шектеу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, нарықтағы бәсекені күшейту экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс.
Сонымен қатар партия дәрі-дәрмек бағасына бақылауды күшейтуді, білім экономикасын дамытуды және Қазақстанның шикізат жобаларын іске асыруға қатысу үлесін арттыруды ұсынады.
ЖСДП-ның кезектен тыс XXV съезі 8 шілдеде Астанада өтті. Делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын талқылап, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін бекітті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







