Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына «Байтақ» жасылдар партиясының тізімін тіркеді. Партия атынан сайлау додасына 47 кандидат қатысады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тиісті шешім ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен өткен комиссияның жетінші отырысында қабылданды. Уәкілетті мемлекеттік органдар партия ұсынған құжаттарды тексеріп, тізімге енгізілген азаматтардың Конституция мен сайлау туралы заң талаптарына сәйкестігін растады.
Отырыс соңында комиссия мүшелері партиялық тізімді тіркеуге қатысты хаттамаларға қол қойды. Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелген азаматтарға тиісті куәліктер табысталды.
ОСК шешімінен кейін «Байтақ» партиясы алдағы сайлау науқанына ресми түрде қатысу құқығына ие болды. Саяси ұйым енді заңнамада белгіленген тәртіппен сайлауалды үгіт жүргізіп, бағдарламасын қоғамға ұсына алады.
Партия өз қызметінде экология, табиғи ресурстарды жауапты пайдалану, биоалуантүрлілікті қорғау және тұрақты даму мәселелеріне басымдық беретінін мәлімдеп келеді. Алдағы науқанда аталған бағыттар «Байтақтың» негізгі саяси күн тәртібіне айналуы ықтимал.
Отырыстан кейін партия басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған дәстүрлі брифинг өткізді. «Байтақ» өкілдері журналистердің кандидаттар тізімі, сайлауалды бағдарлама және науқан барысына қатысты сұрақтарына жауап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







