Алматыда мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар заманауи қоғамдық құндылықтардың бағытын талқылады. Жиынға қатысушылар елдің орнықты дамуы рухани негізге, құқықтық мәдениетке және жауапты азамат ұстанымына сүйенуге тиіс деген пікір білдірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Заманауи қоғамдық құндылықтар жүйесі: басымдықтар мен даму келешегі» атты дөңгелек үстелде технологиялық өзгеріс пен қоғамдық трансформация жағдайындағы ұлттық бағдар сөз болды. Сарапшылар құқықтық мемлекетті нығайту, азаматтық қоғамды дамыту және ортақ құндылықтарды орнықтыру мәселесіне назар аударды. Пікір алмасу барысында дәстүр мен заманауи мәдени үрдістің арасындағы үйлесім де кеңінен талқыланды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қоғамның терең өзгеріс кезеңіне аяқ басқанын айтты. Оның сөзінше, ойлау парадигмасы мен құндылықтар жүйесі жаңарып жатқан тұста берік рухани бағдар қалыптастыру айрықша маңызды. Жаңа шешімдерді бірлесіп іздеу және өзгерісті қоғам игілігіне бағыттау ортақ міндетке айналуға тиіс.
Абзал Нүкенов ортақ құндылықты бөлісетін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат тәрбиелеуді негізгі басымдықтың бірі деп атады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тарихты, тілді, мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге ерекше мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының дәстүрлі құндылықтарды қазіргі мәдени үдеріспен үйлестіру жөніндегі ұстанымы ұлттық мұраны заман талабына бейімдеудің маңызын көрсетеді.
Жазушы әрі қоғам қайраткері Мереке Құлкенов рухани мұра мен тарихи жад ұлттық бірегейліктің берік тірегі болып қала беретінін айтты. Оның пікірінше, тіл, мәдениет және дәстүр ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді. Жастарды ұлттық негізден ажыратпай тәрбиелеу мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығына жол ашады.
«Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Ол демократиялық институттар Конституция мен заңға құрмет орныққан жағдайда ғана тиімді дамитынын атап өтті. Қоғамның ел өміріне белсенді араласуы да саяси жаңғырудың негізгі шарты саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Еркін Дүйсенов заң үстемдігін қоғамдық өмірдің басты қағидаты ретінде атады. Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» ұстанымдары мемлекеттік идеологияның өзегіне айналуға тиіс. Заңды сақтау мәжбүрлі талап емес, әр азаматтың саналы таңдауы болуы қажет.
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова «Адал азамат» тұжырымдамасын тұлға мен қоғамды дамытудың жаңа құндылықтық үлгісі ретінде таныстырды. Аталған қағидат адалдықты, жауапкершілікті, заңға құрметті бойына сіңірген азамат қалыптастыруды көздейді. Технология адамның ойлау жүйесі мен мінез-құлқына күшейе түскен сайын ішкі адамгершілік уәжді сақтау маңызды болмақ.
Рухани тірексіз даму жоқ
Жиында жастардың құндылық бағдарын қалыптастыру, отбасы институтын нығайту және азаматтық жауапкершілікті дамыту мәселесі де көтерілді. Қоғам қайраткері Бекнұр Кисіков табиғатқа жанашырлықпен қарауды азаматтық мәдениеттің маңызды бөлігі деп бағалады. Экономист Айбар Олжаев қазіргі экономиканың негізгі ресурсы білім, кәсіби құзырет және адами капитал екенін атап өтті.
Бірқатар сарапшы қоғамда дәстүрлі әдепке сәйкес келмейтін амандасу үлгілері кеңінен таралып бара жатқанын айтты. Олардың пікірінше, сүю немесе құшақтасу секілді әрекет кей жағдайда, әсіресе аға буын арасында, орынсыз қабылдануы мүмкін. Сондықтан қарым-қатынас мәдениеті ұлттық әдеп пен адамның жеке шекарасын қатар ескеруге тиіс.
Салтанатты іс-шара мен той өткізу мәдениеті де талқылаудан тыс қалған жоқ. Сарапшылар мұндай жиындар ұлттық дәстүрге, рухани құндылыққа және жалпыға ортақ моральдық қағидаға құрмет көрсетуі қажет екенін айтты. Жоғары қоғамдық мәдениет сыртқы сән-салтанатпен емес, мазмұн мен әдеп өлшемімен бағалануға тиіс.
Қатысушылар қоғамға қиындықты бірлікпен еңсеретін, білім мен еңбекке сүйенетін табысты ұлттың құндылықтары қажет деген ортақ пікірге келді. Мұндай модель жауапты азаматты, заңға құрметті және қоғамдық мүддеге адалдықты алдыңғы қатарға шығарады. Ұлттық бірегейлік те жабық ұранға емес, заманауи талаппен сабақтасқан өміршең қағидаларға негізделуі керек.
Жиын қорытындысында Қазақстанның орнықты дамуы рухани-адамгершілік негізді нығайтумен тікелей байланысты екені айтылды. Құқықтық мәдениет, жауапты азамат, берік отбасы және дамыған адами капитал ел болашағының негізгі тірегі ретінде белгіленді. Сарапшылар аталған құндылықтарды қоғамдық санаға жүйелі түрде орнықтыру қажеттігін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







