Қазақстанда сайлау алдындағы үгіт бүгін сағат 18: 00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00: 00-де аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанында қолданылатын жаңа талаптар мен шектеулерді түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік заңнамадағы негізгі өзгерістердің бірі толтырылған сайлау бюллетеніне қатысты екенін айтты. Дауыс беру күні таңдау жасалған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге, сондай-ақ жазбаны таратуға тыйым салынады.
Норма жасырын дауыс беру қағидатын сақтап, сайлаушының еркін таңдауына сыртқы ықпалдың алдын алуға бағытталған.
Комиссия өкілінің айтуынша, бюллетеньдегі таңдауды жария көрсету саяси партияны ашық қолдаудың құралына айналуы мүмкін. Жаңа талап сайлау процесіне қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастыруды көздейді. Сондықтан кабинаның ішінде жасалған таңдаудың құпиялығы дауыс беру аяқталғаннан кейін де сақталуға тиіс.
Үгіт материалдарына қатысты талап та күшейтілді. Қазақстан аумағынан тыс жерде дайындалған және тапсырыс берушісі жасырылған материалды таратуға бұрыннан тыйым салынған. Енді осы сайлау науқаны үшін арнайы әзірленбеген үгіт өнімін пайдалануға да жол берілмейді.
Үгіт материалын шарт негізінде орналастыру талабы саяси партиялар мен кандидаттардың жеке интернет-ресурсына қолданылмайды. Олар өздерінің ресми сайты мен онлайн-платформадағы аккаунттарын үгіт жүргізу үшін пайдалана алады. Алайда жарияланған контент заңда белгіленген мазмұндық және техникалық талаптарға сай болуы керек.
Ләззат Сүйіндік бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау науқанын объективті әрі теңгерімді жариялауға шақырды. Кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін материалды жариялауға болмайды.
Мұндай ақпарат тараған жағдайда зардап шеккен тарапқа дәл сондай көлемде тегін теріске шығару мүмкіндігі берілуге тиіс.
Орталық сайлау комиссиясы науқанға қатысушыларға түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. 3 шілдеде саяси партия өкілдеріне, ал 22 шілдеде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне арналған семинар өткен. Кездесулерде Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру, ақпарат тарату және үгіт жүргізу тәртібі түсіндірілді.
Сайлау күні және оның алдындағы тыныштық күнінде кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікір сауалнамасының қорытындысын, сайлау нәтижесіне қатысты болжамды және өзге зерттеу дерегін жариялауға болмайды.
Онлайн дауыс беру мен кандидаттарды немесе партияларды қолдауға арналған бейресми сауалнама нәтижесіне де осы шектеу қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







