Ұлттық банк 24 шілдеде өткен ақша-кредит саясаты комитетінің отырысында базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл маусым айындағы шешімнен кейінгі қатарынан екінші жеңілдету. Еске салсақ, өткен жолы базалық мөлшерлеме бірден 1 пайыздық тармаққа қысқартылған болатын.
Реттеуші мұндай шешімді инфляцияның баяулауымен түсіндірді. Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция қатарынан тоғыз ай бойы төмендеп келеді. Оған теңгенің нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған инфляцияға қарсы шаралар ықпал еткен.
Сонымен қатар Ұлттық банк баға тұрақтылығына төнетін қауіп әлі де сақталып отырғанын атап өтті.
Негізгі тәуекелдердің қатарында халықтың жоғары инфляциялық күтулері, жанармай мен коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы, сырттан келетін инфляциялық қысым және тұтынушылық белсенділіктің күшеюі бар.
«Тәуекелдер теңгерімі әлі де инфляцияның үдеуіне бейім. Дегенмен ақша-кредит саясатының қазіргі қатаң параметрлері, бұған дейін қабылданған шешімдердің кейінгі әсері және айырбас бағамының динамикасы инфляциялық қысымды тежеуге ықпал етуде. Бұған қоса, ең төменгі резервтік талаптардың ұлғайтылуы, айналы операциялары және тұтынушылық кредиттеуді реттеуге бағытталған шаралар да дезинфляция процесін қолдап отыр», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Инвестициялар көлемі 9,6%-ға артса, бюджет қаражатын есептемегендегі шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 28,9%-ға көбейді.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің алдағы өзгеріс бағыты алдын ала айқындалмағанын жеткізді. Келесі шешімдер инфляцияның динамикасына, сыртқы нарықтағы ахуалға, теңге бағамына және реттелетін тарифтердің өзгерісіне қарай қабылданады.
Ақша-кредит саясаты комитетінің келесі отырысы 4 қыркүйекте өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







