Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін ұлғайтып, өнеркәсіптік кооперация мен көлік дәліздерін кеңейтуге келісті. Ақтауда өткен кездесуде екі елдің премьер-министрлері жалпы құны миллиардтаған доллар болатын жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Арипов Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-отырысын өткізді. Шағын құрамдағы келіссөзде мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған шешімдердің орындалуы қаралды. Тараптар алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
Олжас Бектенов қазақ-өзбек байланысы Орталық Азиядағы табысты әріптестік үлгісіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай серпін Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы сенімге негізделген саяси диалогтың нәтижесінде қалыптасты. 2025 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Абдулла Арипов биыл екі ел басшыларының Бұхара, Астана және Түркістанда өткен кездесулерінде үкіметтерге нақты міндет жүктелгенін айтты. Өзбекстан тарапы сол тапсырмаларды орындауға қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Келіссөз сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік және өңіраралық байланысты кеңейтуге бағытталды.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 4,8 млрд долларға жеткен. 2026 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымы 37 пайыз өсіп, 2,3 млрд долларды құрады. Қазақстан металлургия, машина жасау, мұнай химиясы, фармацевтика, көлік құралдары мен құрылыс материалдары саласында экспортты арттыруға мүмкіндік бар деп есептейді.
Олжас Бектенов сауда мен инвестиция саласындағы жалпы құны 7,8 млрд доллар болатын жол картасын сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Құжаттағы жобалар тауар айналымының құрылымын әртараптандырып, өзара жеткізілім көлемін арттыруға тиіс. Сонымен бірге жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Тағы алты жоба белсенді жүзеге асыру кезеңіне өткен, олардың жалпы құны 102 млн долларды құрайды. Тараптар құны 1,5 млрд долларға бағаланған 59 келешекті бастаманы іске асыру мүмкіндігін де пысықтап жатыр. Жобалар өңдеу өнеркәсібін дамытып, екі ел арасындағы өндірістік байланысты тереңдетуге бағытталған.
Орталық Азияның өндіріс одағы
Кездесуде теміржол қатынасы мен халықаралық логистикалық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру мәселесі жеке қаралды. 2025 жылы екі ел арасындағы теміржол тасымалы 16 пайыз өсіп, 32,3 млн тоннаға жетті. Қазақстан мен Өзбекстан дәліздердің жылдық қуатын 35 млн тоннадан 60 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Олжас Бектенов Орталық Азиядағы көлік байланысын кеңейту үшін шекаралас теміржол учаскелерін жаңғыртуды ұсынды. Сонымен қатар қосымша өткізу бекеттерін ашу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты. Мұндай шаралар жүк қозғалысын жылдамдатып, аймақтың транзиттік әлеуетін күшейтеді.
Автомобиль тасымалында енгізілген E-Permit жүйесі де нақты нәтиже берген. Шетелдік рұқсат бланкілерін электронды алмасу тетігі төрт жылда олардың санын он еседен астам арттырды. Мемлекеттік шекарадан өту уақыты тоғыз сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
Тараптар су шаруашылығы саласындағы байланысты өзара түсіністік пен екі мемлекеттің мүддесін ескеру негізінде дамытуға дайын екенін растады. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты күшейту мәселесіне де назар аударылды. Қазақстан мен Өзбекстан «Ұлы Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» нысандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Кеңейтілген отырыста өнеркәсіп, сауда, көлік, транзит және су шаруашылығы саласындағы нақты жобалар талқыланды. Екі елдің салалық министрлері қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасады. Жиын қорытындысында Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов үкіметаралық комиссияның 23-отырысының хаттамасына қол қойды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







