Тимур Құлыбаевпен ұзақ жыл «Атамекеннің» тізгінін қатар ұстаған Абылай Мырзахметов колониядан босатылды. Бес жылға сотталған ықпалды экс-шенеуніктің өтелмеген жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Павлодар облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Мырзахметов пробация қызметінің есебіне қойылған. Оған Қазақстаннан шығуға тыйым салынып, жүріс-тұрысы тұрақты бақылауға алынған.
Мырзахметов – Құлыбаев дәуіріндегі «Атамекеннің» ең ықпалды тұлғасының бірі. Құлыбаев палата президиумын басқарған кезде, ол ұйымның күнделікті жұмысын жүргізетін басқарманың төрағасы болды. Екеуінің институционалдық тандемі он жылдан астам уақытқа созылды.
2024 жылы сот Абылай Мырзахметовті аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық жолмен алынған 5,8 миллиард теңге мемлекет пайдасына тәркіленді.
Былтыр ол жазасын жеңілдетуге бірнеше мәрте әрекеттенгенімен, алғашқы өтініштері қанағаттандырылмады. Енді колония қақпасы ашылғанымен, бұрынғы ықпалды шенеунік толық еркіндікке шыққан жоқ: қалған мерзімін пробация бақылауында өткізеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







