Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны белгілі болды. Ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрліктің Жоғары білім комитеті 21 шілдеде ректорды ҰҚК-нің облыстық департаменті ұстағанын хабарлады.
«Тергеу амалдары құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Оқу орны уәкілетті органдарға толық көмек көрсетіп жатыр. Міністрдің бұйрығымен ректордың міндетін уақытша атқарушы болып академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжахан Қайсағалиева тағайындалды», – деп хабарлады ведомстводан.
Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», – деп толықтырды ведомство өкілдері.
Контекст
«Университет қызметкерлерінің ақпаратынша, ректор Нұрлан Серғалиев лауазымдық өкілетін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Оның жұмыс орнында тінту жүріп жатыр. Қылмыстық қудалауды Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізуде», – деп жазды осы тұста облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан.
Бейресми деректерге сүйенсек, қылмыстық іс мемлекет тарапынан университетке ғылымды дамытуға бөлінген қаржының талан-таражға түсуімен байланысты болуы мүмкін.
Алайда ҰҚК істің нақты мән-жайын және ректордың кабинеті мен үйінде тінту жүргізілген-жүргізілмегенін әлі нақтыламады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







