Ғалымдар қазіргі заман адамының генетикалық кодын зерттей келе, палеонтологиялық қазбаларда табылмаған, бірақ генімізде сақталып қалған ежелгі екі адам популяциясының ізін анықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Homo sapiens өкілдерінің неандертальдармен және денисовтықтармен будандасқаны белгілі еді. Алайда археологиялық сүйек қалдықтары жетпегендіктен, өзге де ежелгі гомининдердің нақты кім болғанын анықтау ұзақ уақыт бойы қиындық туғызып келді. Ғылымда бұл топтар «елес популяциялар» деп аталады.
Қазбасыз тарихты қалпына келтіру әдісі
Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары TRACE деп аталатын жаңа есептеу алгоритмін жасап шығарды. Бұл тәсіл қазбалардан табылған көне сүйектерге тәуелді болмай-ақ, бүгінгі адамдардың жүздеген геномын кері бағытта талдау арқылы ежелгі шежіре картасын құрастыруға мүмкіндік берді.
Зерттеу жетекшілерінің бірі Прия Мурджани генетикалық жадының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Көпшілігімізді “біз қайдан шықтық, осы күнге қалай жеттік?” деген түбегейлі сұрақ толғандырады. Мұндай генеалогиялық карталар бұрын-соңды қол жеткізе алмаған ежелгі дәуірге терең көз жүгіртуге жол ашады», – деді Прия Мурджани.
Ғалымдардың айтуынша, көне ДНҚ негізінен суық әрі құрғақ климатта ғана жақсы сақталады. Ал Африка сияқты тропикалық аймақтарда органикалық қалдықтар тез шіріп кететіндіктен, адамзат эволюциясының терең қабаттары ұзақ уақыт көлеңкеде қалып қойған.
Африкадағы байланыс және 1,8 миллион жылдық мұра
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, анықталған екі көне топтың тарихы екі түрлі кезеңге созылады. Оның бірі қазіргі адамдардың арғы ата-бабаларынан шамамен 800 мың жыл бұрын бөлініп шыққан. Бұл популяция бұдан 50 мың жылдан астам уақыт бұрын Африка аумағында Homo sapiens өкілдерімен тікелей будандасқан.
Осы көне тек бүгінде жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық адамның геномында шамамен 0,5 пайыздан 1,1 пайызға дейінгі көлемде кездеседі. Оның бір бөлігі адамның сөйлеу және тілдік қабілетіне жауап беретін FOXP2 генінің маңында орналасқан.
Ал екіншісі – одан да көне «суперархаикалық» топ. Олар біздің бағытымыздан 1,8 миллион жыл бұрын дербес кеткен. Ғалымдардың болжамынша, бұл Homo erectus популяциясы болуы мүмкін. Аталған топ бұдан 200 мың жылдан астам уақыт бұрын Еуразияда денисовтықтармен араласқан. Кейін денисовтықтар қазіргі адамдардың арғы тегімен будандасқан кезде бұл гендер жанама түрде Homo sapiens бойына өткен.
Эволюция түзу бұтақ емес
Бұл жаңалық адам эволюциясы жай ғана түзу сызықты бұтақ емес екенін дәлелдейді. Адамзат тарихы мыңдаған жыл бойы бір-бірімен тоғысып, араласып отырған күрделі тораптан тұрады.
«Біз бұл елес популяцияның іздерін картаға түсіріп, аталған тектік мұра тек африкалықтарда ғана емес, қазіргі барлық адамда сақталғанын көрсеттік», – деп түсіндірді зерттеу авторы Юлин Чжан.
Ғалымдар қазіргі ДНҚ-ны заманауи математикалық модельдермен зерттеу арқылы жер қойнауынан табылмаған өзге де беймәлім ата-бабалардың құпиясын кезең-кезеңімен ашуға болатынын алға тартуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







