Жамбыл облысында 25 жастағы Дүкенбай Ахмет Серікұлы түн ішінде үйінің маңында оққа ұшқан. Артында екі бүлдіршіні мен жары қалған марқұмның туыстары іске бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін екенін алға тартып, тергеудің бір ғана күдіктімен шектеліп қалмауын талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы оқиға 1 тамыз күні таңғы сағат үштер шамасында Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылындағы Пушкин көшесінде болған.
Марқұмның қарындасының баяндауынша, ағасы үйдің жанында атылған. Отбасы қолындағы мәліметке сүйеніп, қылмысқа ауданда әрекет ететін қауіпті топқа қатысы бар бірнеше адам араласуы ықтимал деп санайды.
«Ағам Дүкенбайды түнгі үштер шамасында атып кетті. Бізге жеткен ақпарат бойынша, оның өліміне осы өңірдегі қауіпті қылмыстық топтың мүшелері деп жүрген адамдардың қатысы болуы мүмкін», – деп жазды ол.
Қара жамылған әулет істің жылы жабылып қалуынан қауіптеніп отыр. Туыстары жұрттан қолдау сұрап, кінәлілердің бәрі анықталып, заң алдында жауап беруі керектігін жеткізді.
«Ағам небәрі 25 жаста еді. Артында екі кішкентай баласы, жары, қарт ата-анасы, бауырлары қалды. Осы істің жабулы қазан күйінде қалмауына көмектесулеріңізді сұраймыз», – делінген үндеуде.
Дүкенбайдың жақындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жүгініп, тергеудің жан-жақты әрі әділ жүргізілуін сұраған.
Отбасының күдігін журналист Нұрадин Рақай да жария етті. Оның туыстарға сүйеніп жазуынша, сол түні үй маңына бірнеше адам келген. Алайда болжамды атқыштың ұсталуына қатысты ақпарат әркелкі тараған.
Марқұмның жақындары жауапкершілік жалғыз адамның мойнына артылып, оқиға орнында болған өзге адамдар тасада қалып қоя ма деп алаңдайды. Олар кімнің оқ атқанын ғана емес, шабуыл кезінде кімдердің бірге жүргенін де толық анықтауды талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






