Қазақстанда «Астана» баскетбол клубын қаржыландыру тәсілі қайта қаралуы мүмкін. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мұны команданың соңғы жылдардағы нәтижесімен және спортты қаржыландырудың жаңа қағидаларымен байланыстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Комитет мәліметінше, «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының соңғы маусымында 44 кездесудің екеуінде ғана жеңіске жетіп, 12-орында қалды. Жеңілістер үлесі 95%-дан асты. Команда сегіз жыл қатарынан плей-офф кезеңіне шыға алмаған. Ішкі біріншілікте де клуб Қазақстан кубогын жеңіп алмай, Ұлттық лигада чемпиондыққа жете алмады.
Ведомство спортты қаржыландырудың жаңа моделіне де назар аударды. Қолданыстағы заң ұлттық құрамаларды, спорт резервін және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық береді. Шетелдік легионерлерді бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынған.
Осы жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Негізгі назар жастар командасын күшейтуге, спорттық резерв даярлауға және балалар мен жасөспірімдер баскетболын қолдауға аударылмақ.
Сонымен бірге «Астана» клубының толық жабылатыны жөнінде түпкілікті шешім әзірге жарияланған жоқ. Ресми мәлімдемеде қаржыландыру мен даму тәсілдерін қайта қарау мүмкіндігі айтылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







