1 қыркүйекте республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының жаңа кезеңі басталып, биыл жобаға 1 миллионнан астам азаматты тарту жоспарланып отыр. Ауқымды бастама қарсаңында ұйымдастырушылар зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аға буынның ақ батасын алды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Кітап оқитын ұлт» және «QAZAQ Creative» қорлары ұйымдастырған кездесуде марафонның алдағы міндеттері мен даму бағыттары талқыланды. Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін кеңейту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі міндеттерімен сабақтас. Негізгі мақсат қатысушылар санын көбейтумен шектелмей, кітап оқуды қоғамның күнделікті дағдысына айналдыруға бағытталған.
Жоба дәстүріне сәйкес, жаңа кезең зиялы қауымның ақ тілегімен басталды. Ұйымдастырушылар мұндай қадамды ұлттық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде бағалайды. Кездесуде бұған дейін ұсынылған бастамалардың орындалу барысы да сараланды.
«Қазақ дәстүрінде үлкен істі бастарда аға буынның ақ батасын алу — тағылымы терең жол. Үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ізгі тілегі кейінгі буынға аманат болып қалады. Сондықтан елдің рухани дамуына бағытталған осындай жобаны бастар алдында зиялы қауым өкілдеріне арнайы жолығып, батасын алуды жөн көрдік», — деді «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.
Кездесуге жазушылар, ақындар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Әлібек Асқаров, Шәрбану Бейсенова, Қуандық Жиенбай, Баянғали Әлімжанов, Әбубәкір Смайыл, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Жанарбек Әшімжан және басқа да қаламгерлер бар. Жиында 31 наурызда өткен алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныстардың жүзеге асу барысы жөнінде есеп берілді.
Зиялы қауым өкілдері марафонның кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Жазушы Әлібек Асқаров кітапты ұлттың рухани қуатын арттыратын үлкен құндылық деп атады. Ол жобаның ауқымы кеңейіп, кітапқа бет бұрған оқырман саны көбейе беруіне тілектестік білдірді.
Ұйымдастырушылар марафонның басты нәтижесін тек статистикамен өлшеуге болмайтынын атап отыр. Олардың пайымынша, негізгі меже — кітап арқылы ойлайтын, ізденетін және білімге ұмтылатын қоғам қалыптастыру. Сондықтан жоба оқырман мен кітап арасындағы тұрақты байланысты күшейтуге басымдық береді.
Марафонды іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірге қатысады. Серіктестер заманауи әдеби бастамаларды қолдау, оқу мәдениетін насихаттау және кітапқа қолжетімділіктің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







