Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатынан ауыр жарақат алған Нұржігіттің төрт күннен бері комада жатқанын хабарлады. Ол зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге ауруханада жүргенін айтып, Нұржігіттің өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлерге алғыс білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Базарбек әлеуметтік желіде Нұржігіттің туған бауырлары, әпкелері және Тұрар Рысқұлов атындағы орталық аурухананың медицина қызметкерлерімен бірге түскен суретін жариялады.
Ол аурухананың бас дәрігері Айман Бекебаеваның кәсібилігіне айрықша тоқталды. Базарбектің сөзінше, бас дәрігер әр үш-төрт сағат сайын Нұржігітке жасалып жатқан ем-дом мен медициналық шаралар жөнінде жақындарына түсінік беріп отыр.
«Айман Кенжебекқызының басшылығымен аурухананың реаниматологтары, травматологтары мен анестезиологтары күндіз-түні, таңға дейін Нұржігіт сияқты өмір сынағына тап болған азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қазіргі заманның батырлары кім десек, Айман Кенжебекқызы сияқты адамдарды айтуға болады», – деп жазды Базарбек.
Оның айтуынша, бас дәрігер ауыр халде жатқан өзге науқастардың туыстарымен де ашық сөйлесіп, дәрігерлер қолданып жатқан шараларды түсінікті тілмен жеткізуге тырысады.
«Төрт күннің ішінде көп нәрсеге көзім жетті. Отандық медицинаны көтереміз десек, Айман Кенжебекқызы сияқты кәсіби, білікті, талапшыл әрі мықты мамандарды қолдау керек», – деді экс-депутат.
Базарбек реанимация бөлімінің меңгерушісі Тимур Найманбаевтың еңбегін де атап өтті. Оны дарынды, білікті әрі науқастың жақындарымен ашық сөйлесе білетін маман деп бағалады.
Сондай-ақ травматология бөлімінің басшысы Валихан Рубилов пен хирургия бөлімінің бас хирургі Бақытжан Рыскелдиевке алғыс білдірді.
«Болашақ медицинамыздың негізі ұзақ жыл бойы жинаған білімі мен тәжірибесі арқылы ұжымды алға сүйрей алатын Айман Кенжебекқызы сияқты басшылардан және күрделі сәтте біліктілігін көрсете алатын Валихан, Бақытжан, Тимур секілді мамандардан тұруы тиіс», – деп жазды ол.
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің аяққа тұрып кетуіне дәрігерлердің еңбегі тікелей ықпал ететініне сенетінін жеткізді.
«Нұржігіттің аяққа тұрып кетуіне бірден-бір себепші болатын жандардың бірі – осы ақ халатты абзал жандар. Қолдарыңызға дерт бермесін!» – деді экс-депутат.
Бұған дейін Базарбек өзі қатысқан жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Ол жұбайы екеуі тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат бергенін айтып, әлеуметтік желідегі болжамдарға ермеуге шақырған.
Қазір оның басты тілегі төртінші тәулік бойы комада жатқан Нұржігіттің сауығып, отбасына аман оралуы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







