Әлемдік державалар жоғары технологияның күретамырына айналған сирек металдар үшін тартысты күшейтіп жатқанда, Қазақстан өз қорын мемлекет мүддесіне жұмыс істетуге қамданды. Президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Үкіметке стратегиялық саланы дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиын критикалық материалдар индустриясын, соның ішінде сирек және сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге арналды. Мемлекет басшысы Қазақстанның ресурстық қоры мен өндірістік әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті.
Президенттің пікірінше, жер қойнауындағы байлық шикізат күйінде сыртқа жөнелтілмей, елдің экономикалық қуатын арттыруға қызмет етуі қажет.
«Қазіргі әлемдегі жағдай қоры бар мемлекеттер үшін тиімді, тіпті бірегей мүмкіндік туғызып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Критикалық материалдар электроника, аккумулятор, электр көлігі, жаңартылатын энергетика, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Оларға тұрақты қол жеткізу технологиялық үстемдік пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тетігіне айналған. Сондықтан ірі мемлекеттер кен орындарына, шикізат тасымалына және өңдеу тізбегіне бақылау орнатуға ұмтылуда.
Тоқаев осындай бәсеке күшейген шақта Қазақстан қолда бар ресурстық әрі өнеркәсіптік мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, өз технологиясын және тұтас өндірістік тізбегін қалыптастыруға тиіс екенін айтты. Ел тек кен өндірумен шектелмей, оны терең өңдеп, құны жоғары өнім шығаруға көшуі қажет.
Бектенов? Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкімет мүшелері саланың қазіргі ахуалы, минералдық-шикізат базасын игеру мүмкіндігі, қайта өңдеу өндірісінің дамуы және оған кедергі келтіріп отырған түйткілдер туралы баяндады.
Жиын қорытындысында Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма жүктелді. Атап айтқанда:
- саланы дамытудың біртұтас әрі жүйелі бағытын қалыптастыру;
- мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру;
- геологиялық барлау жұмысын жандандыру;
- шикізатты ел ішінде терең өңдеу қуатын арттыру;
- техногендік минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға қосу;
- зертханалық және ғылыми-техникалық базаны күшейту;
- білікті маман даярлау;
- инвесторлар мен кәсіпорындарға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою.
Ақорданың мәлімдемесінде нақты кен орындары, инвестиция көлемі немесе тапсырмаларды орындау мерзімі көрсетілмеген.
Айта кетелік, танымал әмерикалық инвестор, Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Әлтхаустың пікірінше Қазақстанның минералды ресурстар бағытындағы потенциалы жойқын. Толығырақ осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







