Еуразиялық даму банкі Орталық Азиядағы көлік дәліздерін дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 71,75 млрд доллардан асқанын хабарлады. Соның 45 пайыздан астамы Қазақстандағы жобаларға тиесілі, яғни шамамен 32 млрд доллар, – деп жазады Ertenmedia.kz.
ЕАБР 23 шілдеде «Көлік дәліздерінің инфрақұрылымы: Еуразиялық көлік қаңқасы жобаларының обсерваториясы және интерактивті картасы – 2026» атты жаңа есебін жариялады. Құжатта 2025 жылы аяқталған, қазір жүзеге асып жатқан және 2035 жылға дейін жоспарланған көлік инфрақұрылымы жобалары қамтылған.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Еуразиялық көлік қаңқасы обсерваториясына 402 жоба енгізілген. Олардың жалпы инвестициялық құны 345 млрд долларды құрайды.
Жобалар Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды қамтиды. ЕАБР аталған жүйені Еуразиядағы халықаралық көлік дәліздерінің дамуын бақылауға арналған аналитикалық құрал ретінде сипаттайды.
Орталық Азияға Еуразиялық көлік қаңқасына бағытталған барлық инвестицияның 21 пайыздан астамы тиесілі. Өңірде жалпы құны 71,75 млрд доллардан асатын 114 жоба жүзеге асырылып жатыр немесе жоспарланған. Сол соманың 45 пайыздан астамы Қазақстандағы жобаларға бағытталған.
Демек Қазақстан Орталық Азиядағы көлік инфрақұрылымына тартылған инвестиция көлемі бойынша негізгі орталыққа айналып отыр. 71,75 млрд доллардың 45 пайызын есептегенде қазақстандық жобалардың төменгі бағасы шамамен 32,3 млрд доллар болады.
Инвестицияның ең ірі бөлігі теміржол секторына бағытталған. ЕАБР есебінде Еуразиялық көлік қаңқасына салынатын барлық қаражаттың 42,8 пайызы теміржол инфрақұрылымына тиесілі екені көрсетілген.
Сонымен бірге автомобиль жолдары, логистикалық терминалдар, қойма кешендері және шекара өткізу бекеттері де жаңғыртылып жатыр. Қазақстан үшін мұндай жобалардың маңызы Қытай, Еуропа және Оңтүстік Кавказ бағыттарын байланыстыратын транзиттік маршруттардың тоғысында орналасуымен байланысты.
Еуропа мен Қытай арасындағы көпір
Орталық Азиядағы он ірі көлік жобасының өзі өңірдегі барлық инвестицияның 42 пайызын құрайды. Мұндай шоғырлану негізгі дәліздерге ірі капитал тартылып жатқанын көрсетеді.
Қытай да өңірдің көлік инфрақұрылымындағы негізгі сыртқы инвесторлардың бірі болып отыр. ЕАБР мәліметінше, Қытай көздерінен тартылған қаржы 7 млрд доллардан асқан. Қытай қатысатын жобалардың басым бөлігі «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен байланысты.
Олардың ең ірісі – Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол дәлізі. Жоба Орталық Азиядағы Шығыс-Батыс логистикасының жаңа конфигурациясын қалыптастырып, өңір мемлекеттерінің Қытай нарығымен байланысын күшейтеді.
ЕАБР дерегінше, Еуразиялық көлік қаңқасы жобаларының 62 пайыздан астамы құны бойынша ұлттық бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Орталық Азиядағы 114 жобаның 43-іне халықаралық даму банктерінің қаржысы тартылған.
Жеке бизнестің қатысуы да артып келеді. Еуразиядағы 402 жобаның 123-інде жеке сектордың үлесі бар, ал олардың жартысына жуығы логистика мен қойма инфрақұрылымына тиесілі. 27 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатымен іске асырылуы мүмкін.
Қазақстан үшін мұндай инвестицияның мәні транзит көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Жаңа теміржол, автомагистраль, шекара бекеті, құрғақ порт және логистикалық хабтар елдің өндірістік және сауда географиясын да өзгерте алады.
Егер көлік дәліздері қойма, өңдеу кәсіпорны, сервистік орталық және экспорттық алаңдармен байланыстырылса, Қазақстан транзиттік аумақтан қосылған құн қалыптастыратын логистикалық хабқа айнала алады.
ЕАБР есебі Қазақстанның Орталық Азиядағы көлік инвестициясының негізгі бөлігін өзіне тартып отырғанын көрсетеді. Ендігі мәселе осы миллиардтаған долларлық инфрақұрылымды жай транзиттік өткізу қабілетіне емес, ұзақмерзімді экономикалық өсімге айналдыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







