Танымал саясаткер Арман Шораев ресейлік боксшыларға халықаралық жарысқа қатысуға рұқсат берген World Boxing федерациясының президенті Геннадий Головкинге үн қатты деп жазады Ertenmedia.kz.
World Boxing атқарушы комитеті 30 шілдеде орыс боксшыларына қойылған шектеулерді алып тастаған. Бұдан былай Ресей өкілдері халықаралық жарыстарға бейтарап мәртебемен емес, өз елінің туы мен әнұранын пайдаланып қатыса алады.
Головкиннің шешімі басқыншы елдің саясатын қолдамайтын көпшілік тарапынан қатты қарсылыққа ұшырауда.
Осы жайтты еске салған Шораев Головкинге қарата, «есің барда, еліңді тап» деп отыр.
«Бір ғана шешіміңмен, осыған дейінгі сый-құрметіңді шелектеп төгіп тастадың. Бүкіл ар-абыройыңды туалетке ағыза салдың. Сен үшін таңғы алтыда төсегінен түрегеліп, қолдау көрсеткен қаншама қазақтың көңілін қалдырдың. Қазақтардың 90 пайызы Украинаны қолдайды, басқыншылықты айыптайды. Кремльдің қолын қанға малғанын біле тұра, осындай әрекетке бардың. Сөйтіп зұлым күштің жағына шықтың, сөзін сөйледің. Тез арада шешіміңді өзгерт», — дейді Шораев.
Айта кетелік, World Boxing бүгінде Олимпиада боксын басқаратын негізгі ұйым саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







