Саясаттанушы Талғат Қалиев Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатын бір жүргізушінің әрекетімен шектеп қарауға болмайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, тергеу халықаралық ақылы магистральға қараусыз мал мен адамдардың қалай шыққанын, жол операторы қауіпсіздік талаптарын қаншалықты орындағанын анықтауға тиіс, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалиев аталған апатта бір-бірімен қабаттасқан тосын жағдай тым көп екенін атап өтті. Алдымен сиыр жылдамдық жоғары халықаралық трассаға шығып кеткен. Жануарды көлік қағып, ол жол үстінде қалған. Артынша адамдар оны жолдан алып тастауға кіріскен. Сөйтіп, жүрдек автобанда жүргізуші күтпейтін екі кедергі — мал мен жаяу жүргіншілер бір мезетте пайда болған.
«Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатында кездейсоқтық өте көп. Трассаға шыққан сиыр, оны алып тастауға шешім қабылдаған адамдар мұның бәрі жылдам жүретін автобанның табиғатына мүлде сыймайды. Мұндай жолда көлік жүретін бөліктен сиыр немесе жаяу жүргінші шығады деп кім күтеді?» — деді саясаттанушы.
Қазавтожол? Ол қараусыз жайылған мал үшін оның иесі жауап беруге тиіс екенін жоққа шығармайды. Алайда бар салмақты мал иесіне артып, жолды басқаратын компанияны жауапкершіліктен тыс қалдыруға болмайды деп санайды.
Халықаралық маңызы бар ақылы магистраль мал кіре алмайтындай қоршаумен жабдықталуға, жол бойы ұдайы бақылауда ұсталуға тиіс. Жылдамдық артқан сайын жүргізушінің тосын кедергіні байқап, көлікті қауіпсіз тоқтатуға мүмкіндігі азаяды. Сондықтан ақылы автобанға қойылатын қауіпсіздік талабы қарапайым тасжолдан әлдеқайда қатаң болуы керек.
«Мұндай қауіпсіздік деңгейімен транзиттік әлеуетті дамыту туралы қалай айтуға болады? Бірнеше автобанның өзі әлемдік стандартқа сай жабдықталмаса, ақылы жолдан жиналған қаражат пен көлік салығы қайда кетіп жатыр?» — деп сауал қойды Қалиев.
Саясаттанушының пайымынша, қылмыстық іс апаттың соңғы сәттерін қалпына келтірумен тәмамдалмауға тиіс. Көлік қандай жылдамдықпен жүрді, жүргізушінің әрекеті дұрыс болды ма деген мәселелермен бірге, оқиғаның тууына жол ашқан жағдайлар да тексерілуі қажет.
Тергеу сиырдың қоршаулы магистральға қай тұстан кіргенін, сол аумақта қоршау болған-болмағанын, жол операторы трассаны қалай бақылағанын, апаттан кейін көмек қанша уақытта жеткенін анықтауы керек. Сонда ғана мал иесінің, жол қызметінің және оқиғаға қатысқан жүргізушілердің жауапкершілік шегі әділ белгіленбек.
«Осы жол апатына байланысты оқиғаның өзін тергеумен қатар, оның не себепті мүмкін болғанына да талдау жасалуы керек», — деп түйіндеді Талғат Қалиев.
Бұған дейін Бақытжан Базарбек тергеу құпиясын жарияламау туралы міндеттеме алғандықтан, апаттың егжей-тегжейін айта алмайтынын мәлімдеген. Ол қажетті сараптамалардың нәтижесін күтіп отырғанын және зардап шеккен азаматтың туыстарына көмек көрсетіп жатқанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







