Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал отбасыларға берілетін қаржылай қолдау басталды. Биыл бір оқушыға төленетін ең төменгі сома 50 851 теңгеге жетіп, өтініш қабылдау тәртібі де жеңілдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, көмек «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында көрсетіледі. 2026–2027 оқу жылы қарсаңында шамамен 450 мың бала қамтылмақ.
Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Көмек кімдерге беріледі
Біржолғы төлемге мына санаттағы оқушылар үміткер бола алады:
- атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары;
- жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдай салдарынан шұғыл қолдауға мұқтаж отбасылардың балалары;
- өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар;
- мектептің алқалы басқару органы айқындаған өзге санаттағы балалар.
Қаражат мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға арналған. Ақша ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің банк шотына аударылады. Соның арқасында отбасы қажетті затты өзі таңдап, бағасы қолайлы жерден сатып ала алады.
Төлем көлемі өңірге қарай өзгереді
Ел бойынша белгіленген ең төменгі көмек мөлшері – 50 851 теңге. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда төлем 10 пайызға өскен.
Әкімдіктер жергілікті қазынаның мүмкіндігіне қарай бұдан да көп қаражат бөле алады. Мәселен, Павлодар облысында бір оқушыға 62 534 теңге төленеді. Өңірде 10 мыңнан астам балаға көмек көрсету үшін 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сондықтан ата-аналар өз өңіріндегі нақты соманы бала оқитын мектептен немесе жергілікті білім бөлімінен анықтағаны жөн.
Қағаз анықтама азаяды
Биылғы маңызды өзгерістің бірі отбасы табысын тексерудің цифрлық форматқа ауысуы. Қаржылық жағдай туралы мәліметтер «Отбасының цифрлық картасы» және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы Ұлттық білім беру деректер қорына түседі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, табыс деңгейі цифрлық скоринг арқылы есептеледі. Сондықтан бұрынғыдай бірнеше мекемеден қағаз анықтама жинау қажеттілігі азаюға тиіс.
Дегенмен төлем өздігінен бәріне бірдей тағайындалмайды. Ата-ана немесе заңды өкіл бала білім алатын мектепке жүгініп, өтініш беруі қажет. Қажетті құжаттардың тізімі отбасының санатына және ақпараттық жүйелердегі мәліметтің толықтығына қарай нақтыланады.
Өтініш қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Алайда мектеп формасы мен оқу құралдарын уақытылы алу үшін құжатты оқу жылы басталғанға дейін тапсырған тиімді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







