Қазақстанда соңғы бес жылда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығы төрт есе, апатты мектептер саны екі есе азайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мектеп инфрақұрылымын кеңейту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – демографиялық өсім мен урбанизация жағдайында білім беру нысандарына түсетін жүктемені азайтып, қала мен ауылдағы балаларға бірдей жағдай жасау.
Ірі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында ел бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Соның 84-і ауылдық жерде орналасқан.
Жаңа форматтағы мектептер STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, коворкинг кеңістіктерімен, хореография және спорт залдарымен жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған.

Қазір сол нысандардың 83-і пайдалануға берілген. Тағы жеті мектепті жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Жаңа мектеп салумен қатар қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту жұмысы да қатар жүргізілуде. Соңғы бес жылда 5 026 мектеп модернизациядан өтті.
Шамамен 4,5 мың білім беру ұйымы 7 009 заманауи пән кабинетімен жабдықталған. Мұндай жаңарту мектеп ғимаратын жөндеумен ғана шектелмей, оқу ортасын технологиялық жағынан күшейтуге бағытталған.
Алдағы үш жылда тағы 1 300 мектепті реновациялау жоспарланған. Оның 820-сы ауылдық жерде орналасқан.
Жоба аясында ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп, пән кабинеттері, кітапханалар мен асханалар жаңартылады. Спорт залдарын жөндеу, мектеп аумағын абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін күшейту де қарастырылған.

Білім инфрақұрылымындағы негізгі міндет енді тек жаңа ғимарат санын көбейту емес. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, әр балаға қауіпсіз, технологиялық және сапалы білім алуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға басымдық берілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







