«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева алғашқы Құрылтай сайлауының қорытындысына байланысты мәлімдеме жасап, партияға сенім білдірген азаматтарға алғыс айтты. Оның айтуынша, бүгінгі нәтиже жай ғана пайыздық көрсеткіш емес, «Ақ жолды» қолдаған сайлаушылардың үміті мен аманаты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дания Еспаева алғаш рет өткен Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи кезең деп бағалады. Оның пікірінше, жаңа өкілді орган Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды саяси реформалардың және жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның нақты жалғасына айналды.
Партия төрағасы сайлау ашықтық пен әділдік қағидаттарына сай өтіп, азаматтарға өз таңдауын еркін білдіруге мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық саяси партия сайлауға бәсекелі жағдайда қатысып, бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруға мүмкіндік алды.
Дания Еспаева мұны елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам және азаматтардың мемлекеттің болашағын айқындауға тікелей қатысуының жаңа кезеңі деп бағалады.
«Ақ жол» бұл науқанға үлкен дайындықпен, тәжірибелі командамен және елдің алдағы дамуына бағытталған бағдарламалық ұсыныстармен шыққанын мәлімдеді.
«Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана пайыздық көрсеткіш емес. Оның артында «Ақ жолға» сенім артқан мыңдаған азаматтың үміті мен арманы, елдің болашағына деген нақты сенім тұр. Сондықтан бізге артылған сенімнің салмағын терең сезінеміз», – деді Дания Еспаева.
Саяси жұмыс жалғасады
Партия төрағасының айтуынша, «Ақ жолға» дауыс берген әр азаматтың аманатын орындау және сайлаушылар сенімін ақтау алдағы жұмыстың басты өлшеміне айналады.
Ол партия ел азаматтарының үні естіліп, еңбегі бағаланып, кәсібі дамып, отбасылардың болашағына сенімді жағдай қалыптасуы үшін жұмысын жалғастыратынын айтты. Сайлауалды бағдарламада ұсынылған бастамаларды іске асыруға күш салынатынын да атап өтті.
Экономиканы күшейту, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу алдағы негізгі бағыттардың қатарында аталды. Халықтың әл-ауқатын көтеру де партия жұмысының басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.
Дания Еспаева сайлау науқаны аяқталғанымен, саяси жұмыс жалғасатынын жеткізді. Оның пікірінше, дауыс беру нәтижесі партия үшін жаңа жауапкершіліктің басталғанын білдіреді.
«Бізге сенім білдірген барша азаматқа шын жүректен алғыс айтамыз. Әрбір дауыс – ел тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі», – деді партия төрағасы.
Дания Еспаева мәлімдемесін елдің бірлігі мен ортақ мақсатына қатысты ізгі тілекпен аяқтады. «Ақ жол» алдағы кезеңде сайлауалды бағдарламада көтерілген экономикалық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







