Алматының экс-әкімі, ескі Қазақстанның белді өкілі Бауыржан Байбектің 90 миллион теңгеге бағаланған сағат коллекциясы ұрланған. Күдікті қымбат сағаттарды жай алып кетпей, күдік туғызбау олардың орнына алдын ала сатып алған көшірмелерін қойып кеткен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Журналистің мәліметінше, ұрлыққа Байбектің көмекшісінің көмекшісі болған 31 жастағы Нұрболат есімді азамат күдікке ілінген.
Ол күнделікті уақ-түйек тапсырмаларды орындап, отбасы мүшелерін апарып, алып келіп, үй тіршілігіне қажетті заттарды жеткізіп жүрген. Сол себепті бастығының (Байбектің) үйіндегі бағалы бұйымдардың қайда сақталатынын өте жақсы білген.
Байбек отбасымен бірге шетелге кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен қосалқы кілттерді алып, үйге кірген.
Тергеу нұсқасы бойынша ол қымбат сағаттарды қолды қылмас бұрын қара базардан дәл сондай көшірмелерін сатып алған. Кейін түпнұсқаларды алып, орнына әлгі арзанқол дубликаттарды қойып кеткен.
Жоғалған коллекцияның ішінде әлемге әйгілі Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркасының сағаттары болған. Олардың жалпы құны 90 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Күдіктінің есебі бойынша, Бауыржан Байбек қымбатты коллекцияның көшірмеге алмастырылғанын бірден байқамауы керек еді. Алайда үй иелері сапардан оралғасын премиалды хронографтардың орнына барахолкінің арзан бұйымы қойылғанын аңғарып, едел-жедел полиция шақырған.
Козачковтың жазуынша, тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай анықтаған. Ол кінәсін мойындап, ұрланған сағаттарды сатып алған адамның есімін де атаған екен. Астана қаласының Полиция департаменті аталған деректі растап үлгерді. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Козачков оқиғаның соңында Бауыржан Байбектің осындай қымбат коллекцияны қалай жинағанына қатысты тосын сауал қойды.
«Көкейімізде тесіп тұрған сауалды жұтып қойғанымыз жарамас. Алматының бұрынғы әкімінде мұндай сәнді сағат коллекциясы қайдан пайда болған?» — деп жазды журналист.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







