Месси пенальтиден бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Аңызға айналған футболшы Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасы сапындағы мансабында соңғы матчын өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. ESPN дерегіне сүйеніп.
Бенин командасына қарсы жолдастық кездесу 6 қазан күні кешке Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында өтті. «Монументаль» стадионы Мессидің ұлттық құрамамен қоштасуы үшін ерекше орынға айналды: дәл осы алаңда ол ұлттық құрама үшін ең көп гол соққан (19) әрі Қатардағы әлем чемпионатындағы құраманың жеңісін тойлау үшін де осы жерге оралған еді.
Қоштасу сәті
Кездесудің оныншы минутында ойын бір минутқа тоқтатылып, аренадағы жанкүйерлер команда капитанына қол соқты. Осы сәтте Бенин командасының ойыншылары 39 жастағы аргентиналық футболшыға жақындап, кезек-кезек қолын алды.
«Мұнда мен өз мансабымдағы ең бақытты күндердің бірін өткердім – әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы матчқа осында оралған күн еді. Сол күні көргенімді ешқашан ұмытпаймын; бұл менің өмірімдегі ең ғажайып сәт болды», – деді аңызға айналған футболшы.
Бұл сөздер трибунадағы қалың жанкүйер мен оны қоршап тұрған командаластарының көзіне жас ұялатты.
«Ал енді, сөзсіз, менің мансабымдағы ең қайғылы күн де туды: ұлттық құрамамен қоштасу. Баршаңызбен қоштасамын. Мен сіздерді, ұлттық құрамада ойнауды сағынатын боламын, бірақ енді осы жігіттерді және олардың орнын басатындардың барлығын қолдап, қастарыңызда боламын. Біз әрқашан, мәңгі бірге боламыз», – деді Месси.
Тарихи нәтиже мен атақ-даңқ
Әлемдегі үздік футболшылардың бірі пенальтиден гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Аргентина құрамасы 3:0 есебімен жеңіске жетті. Финалдық ысқырықтан кейін стадион аспанын дрондар шоуы жарықтандырып, Месси мансабындағы маңызды белестерді, соның ішінде 2022 жылы Қатардағы әлем чемпионатында жеңіп алған кубокты қолына ұстап тұрған әйгілі сәтін көрсетті.
Лионель Месси – әлем чемпионы, Америка кубогының екі дүркін жеңімпазы, Аргентина құрамасы сапындағы олимпиада чемпионы, Испанияның он дүркін чемпионы, Испания кубогының жеті дүркін және Суперкубогының сегіз дүркін иегері, УЕФА Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы, УЕФА Суперкубогының үш дүркін иегері, «Барселона» сапындағы Клубтар арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Францияның екі дүркін чемпионы, «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) сапындағы Франция Суперкубогының иегері, сондай-ақ «Алтын доптың» сегіз дүркін иегері.
2026 жылғы әлем чемпионатында құрамында Месси бар Аргентина құрамасы бірінші орын үшін өткен ойында қосымша уақытта Испания құрамасына 0:1 есебімен жол берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







