Атырауда ондаған жыл бойы қордаланған экологиялық және көлік мәселелерін шешуге бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Болат Ақшолақов қалдықтар полигонын, кәріз тазарту жүйесін, «Квадрат» булану алаңын және солтүстік айналма жол құрылысын тексерді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы алдымен ұзындығы 16 шақырым болатын «Ерік Мостовой» арнасына барды. Соңғы жылдары арнаны жаңғырту және инженерлік инфрақұрылым тарту жөнінде бірнеше жоба қарастырылғанымен, нақты жұмыс басталмаған. Болат Ақшолақов жауапты органдарға қаржыландыру көзін, іске асыру мерзімін анықтап, кешенді қайта жаңарту жөніндегі ұсынысты қысқа уақытта әзірлеуді тапсырды.
1977 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында 3 млн тоннадан астам қоқыс жиналған. Мұнда күн сайын шамамен 350 тонна қалдық төгіледі. Полигонның қазіргі жағдайы Атырау үшін экологиялық қауіпсіздік пен қалдықтарды жүйелі басқару мәселесін кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетіп отыр.
Әкімге жылдық қуаты 150 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылған жаңа полигонның жобасы таныстырылды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын 2026 жылғы қыркүйекке дейін алып, қазан айында құрылыс-монтаж жұмысын бастау жоспарланған. Жаңа нысан 2028 жылғы наурызда пайдалануға берілуге тиіс.
Болат Ақшолақов қалдықты бірінің үстіне бірін үйе беретін тәсілден бас тартып, оны үздіксіз сұрыптап, өңдеп және кәдеге жарататын жүйе құруды талап етті. Мұндай модель полигонға түсетін салмақты азайтып, қайта өңдеуге жарамды шикізатты экономикалық айналымға қайтаруға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа нысан қарапайым қоқыс төгетін алаңнан толыққанды қалдықтарды басқару кешеніне айналуы қажет.
Қоқыстан айналма жолға дейін
Кәріз тазарту құрылыстарының оң жағалау бөлігін жаңғырту жұмысы 80%-ға орындалған. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Облыс әкімі құрылыс қарқынын арттырып, іске қосу және баптау жұмысын белгіленген уақытта тәмамдауды тапсырды.
«Квадрат» булану алаңын рекультивациялау аясында 1,7 млн текше метр лас шөгіндіні тазарту жоспарланған. Қазір оның 900 мың текше метрден астамы шығарылды. Жоба толық аяқталған соң тазартылған суды техникалық мақсатқа және қаланы көгалдандыруға пайдалану ұсынылып отыр.

Жұмыс сапарының маңызды бөлігі 27 шақырымдық Атырау қаласының солтүстік айналма жолына арналды. Жоба Жайық өзені арқылы өтетін көпір мен үш жолайрық салуды қамтиды. Жаңа магистраль Атырау-Астрахань, Атырау-Орал, Атырау-Индер және Атырау-Ақтөбе бағыттарын байланыстырып, транзиттік көліктің облыс орталығына кірмей өтуіне жағдай жасайды.
Қазір бірінші және екінші іске қосу кешенінде құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Жайық үстіндегі көпірді қамтитын үшінші кешен құрылыс құнының өсуіне байланысты кестеден қалып қойған. Жобаның аяқталуы қала көшелеріндегі ауыр көлік қозғалысын азайтып, жол қауіпсіздігі мен логистикалық байланысты күшейтуге тиіс.
Өңірде «Мұқыр-Құлсары» автожолының 1-16 шақырымы салынып, республикалық маңызы бар «Махамбет-Хамит Ерғалиев» жолының 10-35 шақырымы орташа жөндеуден өтіп жатыр. Болат Ақшолақов мердігерлерден сапа мен мерзімді қатар сақтауды талап етті. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауында болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







