Бауыржан Байбектің Астанадағы пәтерінен қымбат сағаттардың жоғалуына қатысты істе ұрланған бұйым саны мен шығын көлемі нақтыланып жатыр. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, полицияға бұрынғы әкімнің өзі емес, әйелі Жанар Байбек арызданған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Козачков аталған оқиға жөніндегі алғашқы жазбасын өткен сенбіде жариялаған. Оның мәліметінше, Алматының бұрынғы әкімі әрі «Нұр Отан» партиясы төрағасының экс-орынбасары Бауыржан Байбектің елордадағы пәтерінен люкс санатындағы сағаттар жоғалған. Тергеу ұрлыққа Байбек көмекшісінің 31 жастағы жәрдемшісі қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр.
Күдікті хронографтарды алып кетумен шектелмей, олардың орнына алдын ала сатып алынған көшірмелерін қалдырған деген болжам бар. Үй иелері айырмашылықты байқағаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Жоғалған бұйымдар қатарында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркалары аталады.
Журналистің дерегінше, арызды Бауыржан Байбектің 45 жастағы жұбайы Жанар Байбек берген. Ол 2022 жылғы наурызда балаларымен бірге Қазақстаннан кеткенін, 2024 жылы елге уақытша келгенін және кейін қайта оралғанда жоғалған заттарды байқағанын түсіндірген. Арызда жалпы құны 170 млн теңге болатын сегіз хронографтың ұрланғаны көрсетілген.
Тергеу барысында Бауыржан Байбектің Мақсат есімді көмекшісі және оның Нұрболат есімді жәрдемшісі анықталған. Жазбада Нұрболаттың Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерге кіруге мүмкіндігі болғаны айтылады. Сондықтан полиция алдымен одан жауап алған.
Козачковтың мәліметінше, Нұрболат сағаттарды көшірмелермен ауыстырғанын мойындағанымен, сегіз емес, төрт бұйым алғанын айтқан. Ол сағаттарды сатып алушыға өткізгенін де көрсеткен. Алайда аталған адамның смартфонынан алты хронографтың сатылғанын растайтын хат алмасу табылғаны хабарланды.
Осылайша арызда сегіз, күдіктінің жауабында төрт, ал хат алмасуда алты сағат көрсетіліп отыр. Тергеу нақты қанша бұйым жоғалғанын, олардың кімге сатылғанын және келтірілген залал көлемін анықтауы керек. Іс аяқталғанға дейін аталған деректер тергеу нұсқасы ретінде қарастырылып, күдіктінің кінәсін сот қана белгілейді.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Журналистің жазуынша, іс аса ірі мөлшердегі ұрлық бабы бойынша тергеліп жатыр. Козачков бұрын мемлекеттік қызмет атқарған отбасының мұндай қымбат сағаттарды қалай иеленгені жөніндегі қоғамдық сұрақ та жауапсыз қалып отырғанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







