Hyundai жаңа буындағы кейбір көлігінің базалық нұсқасынан цифрлық аспаптар панелін алып тастай бастады. Енді жүргізуші жылдамдық пен қозғалыс параметрлерін орталық экраннан бақылайды немесе жеке дисплей үшін қосымша ақы төлейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оңтүстік Корея автоконцерні жаңа модельдеріне Pleos Connect мультимедиа кешенін енгізіп жатыр. Жүйе алдыңғы әйнекке жақын орналасқан жіңішке цифрлық панельмен және проекциялық дисплеймен бірге жұмыс істейді. Мұндай интерьер Grandeur, Ioniq 3, Avante немесе Elantra және жаңа Tucson модельдеріне арналған.
Қымбат Grandeur жаңа салонмен автодилерлерге айтарлықтай шу көтермей жетті. Ал қолжетімді Avante көлігінің базалық жабдықталымы Hyundai таңдаған жаңа коммерциялық тәсілді көрсетті. Седанның ең арзан нұсқасында цифрлық аспаптар панелі стандартты жабдық тізіміне кірмейді.
Оңтүстік Кореяда жеке панель 350 мың вон тұратын қосымша опцияға айналған. Қазіргі бағаммен оның құны шамамен 119 мың теңгені құрайды. Панельге ақша төлемеген жүргізуші жылдамдық пен өзге көрсеткіштерді көру үшін назарын орталық дисплейге аударуға мәжбүр болады.
Сегізінші буындағы Avante бағасы Кореяда 23,98 млн воннан басталады. Теңгеге шаққанда көліктің бастапқы құны шамамен 8,1 млн теңге. Қазақстанда алдыңғы буындағы модель акциялар мен арнайы ұсыныстарды есептемегенде 10,6 млн теңгеден сатылады.
Korean Car Blog мәліметінше, Ioniq 3 электромобилінің қарапайым нұсқаларында да цифрлық аспаптар панелі жоқ. Ұлыбританияда 22,3 мың фунт стерлингке ұсынылған Advance жинақтамасы орталық экранмен ғана жабдықталған. Жеке аспаптар дисплейі бағасы жоғары Premium нұсқасында пайда болады.
Мұндай үнемдеу тәсілі жаңа Tucson-ға да қолданылуы ықтимал. Кроссовердің нарықтағы дебюті 2026 жылдың соңына дейін күтіледі. Егер болжам расталса, цифрлық панель Hyundai-дің қолжетімді модельдерінде қалыпты жабдықтан ақылы опцияға біртіндеп айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







