Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне жүргізілген кешенді шолудың қорытындысын жариялады. Сарапшылар статистиканы цифрландыру, дереккөздер аясын кеңейту және ресми ақпараттың сапасын арттыру бағытындағы ілгерілеуді атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шолу ұлттық статистиканың іс жүзінде барлық бағытын қамтыды. Олардың қатарында ұлттық шоттар, бағалар мен еңбек нарығының көрсеткіштері, кәсіпорындар және сыртқы сауда статистикасы бар. Сарапшылар табыстарды бөлу, халықтың әл-ауқаты және экологиялық-экономикалық есепке алу жүйесін де зерделеді.
ЭЫДҰ сарапшылары жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоғары бағалады. Қазақстанда жаңа цифрлық шешімдер енгізіліп, статистикалық дереккөздер кеңейіп, ресми мәліметтердің сапасын көтеруге бағытталған жұмыс жалғасып жатыр. Ұйымның бағасы аталған өзгерістердің халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын растайды.
Қазақстанның 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылуы маңызды кезең саналады. Еліміз аталған құжатты қабылдаған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы алғашқы мемлекет болды. Ұсыным ресми статистиканың сапасы, сенімділігі, объективтілігі және ашықтығына қатысты халықаралық бағдарларды айқындайды.
Сонымен бірге ЭЫДҰ ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіру қажет бағыттарды белгіледі. Сарапшылар мемлекеттік сектор берешегінің статистикасын, құрылымдық көрсеткіштерді және кәсіпорындардың демографиялық статистикасын дамытуға кеңес берді. Экологиялық-экономикалық есепке алу мен кәсіпорындар сипаттамасы бойынша бөлінген сауда деректерін тереңдету де ұсыныстар қатарына енді.
Ұйым аталған бағыттардың бірқатары бойынша Қазақстанда тиісті жұмыс басталғанын атап өтті. Соның ішінде деректердің қамтылуын кеңейту, көрсеткіштерді түсіндіру, метадеректерді сипаттау және мәліметтерді егжей-тегжейлі ұсыну шаралары бар. ЭЫДҰ ұсынымдары ұлттық статистикалық жүйені дамытудың келесі кезеңінде ескеріледі.
Қорытынды есеп Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми сайтында жарияланды. Құжат Қазақстан статистикасының қазіргі жағдайын бағалап қана қоймай, алдағы реформалардың негізгі бағдарларын да көрсетеді. Ұсынымдарды орындау ресми деректердің сапасын көтеріп, халықаралық деңгейдегі салыстырмалылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






