Қазақстанның мұнай-газ саласында ширек ғасырдан астам уақыт бойы күшінде тұрған халықаралық келісімдердің мәресі біртіндеп жақындап келеді. Энергетика министрлігі ірі кен орындарын басқаратын шетелдік операторлар кеткен немесе келісім талаптары түбегейлі өзгерген жағдайда туындауы мүмкін кадр тапшылығының алдын алуға арналған жаңа тұжырымдаманы бекітті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан өнімді бөлу және концессиялық келісімдер арқылы шетелдік инвесторларды мұнай-газ саласына кіргізді. Ол кезеңде елге капитал, технология және әлемдік нарыққа шығатын арна қажет еді. Енді кезінде экономиканы аяғынан тұрғызуға көмектескен шарттардың аяқталатын мерзімі күн тәртібіне шығып отыр.
«Теңізшевройлмен» жасалған 40 жылдық келісім 2033 жылы мәресіне жетеді. Қарашығанақ жобасына қатысты келісімнің мерзімі 2038 жылға дейін, ал Қашағандағы өнімді бөлу туралы шарт 2041 жылға дейін есептелген. Үш алып жобаның келешегі Қазақстанның экономикалық егемендігіне тікелей ықпал етеді.
Мұнай дәуірінің межесі Қазақстан 2033 жылға дайын ба?
Алдағы уақытта күрделі қысым, күкіртсутек, терең қабат және қымбат инфрақұрылым жағдайында өндірісті үздіксіз басқара алатын ұлттық инженерлік корпус қажет. Шетелдік оператордың орнын тек атауы қазақстандық компаниямен алмастыру технологиялық тәуелсіздікке жеткізбейді.
Халықаралық консорциумдар соңғы кезеңде жаңа инвестицияны азайтып, өндірістік шығынды барынша төмендетуге мүдделі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекетке табысы кеміген, техникалық міндеті күрделенген және ұдайы қаржы талап ететін инфрақұрылым қалуы ықтимал.

Chevron Теңіз жобасына қатысты келісімді ұзарту мүмкіндігін Қазақстан үкіметімен талқылап жүргенін білеміз. Компания мен оның серіктестері Болашақ кеңейту жобасына 48, 5 млрд доллар жұмсады. Инвестор салынған қаржының қайтарымы мен кейінгі өндірістің тұрақтылығын ұзақ мерзімге есептеуге мүдделі.
Енді Астананың алдында келісімді жаңа талаппен ұзарту немесе операциялық тізгінді біртіндеп ұлттық тарапқа беру таңдауы тұр. Бірінші жол өндірістің тұрақтылығын сақтағанымен, шетелдік технология мен басқаруға тәуелділікті ұзартады. Екінші жол экономикалық дербестікке жақындатады, алайда оған тәжірибелі инженер, технолог және жоғары деңгейдегі басқарушы қажет.
Қазақстан кейінгі жылдары халықаралық мұнай компанияларынан келісім талаптарын жақсартуды талап етіп келеді. Қашаған мен Қарашығанақтағы шығындарға қатысты миллиардтаған долларлық даулар да осы ұстанымның бір бөлігі десек болады. Мұндай даулар бұған дейін мемлекеттің жобалардағы үлесін арттыруға және қосымша міндеттемелер алуға мүмкіндік берген.
Қажыгелдин ескертуі: «Интеллектуалдық вакуум қашан сейиледі? »
Кадр тапшылығы жөніндегі қауіпті бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин де бірнеше мәрте көтерген болатын. 1990-жылдардың ортасында шетелдік инвестиция тарту үдерісіне тікелей қатысқан саясаткер алғашқы келісімдердің сол кезеңдегі ауыр экономикалық жағдайда жасалғанын еске салған-ды.
Оның пайымынша, кейінгі 30 жыл ұлттық инженерлік және басқарушылық мектеп қалыптастыруға жеткілікті уақыт еді.

Қажыгелдин трансұлттық корпорациялар қыруар табыс тапқанымен, Қазақстан басқарушылық тәжірибе мен бірегей технологияны толық игере алмағанын сынға алғаны есімізде. Шетелдік инвестициямен бірге келген білімді ел ішінде орнықтыратын институттық жүйе қалыптаспады. Соның салдарынан кен орындарының келісімі аяқталатын кезеңде интеллектуалдық вакуум қаупі қайта алдымыздан шығып отыр.
– Мұнай-газ келісімдерін жасаған кезде бюджетті құтқару, елді аяғынан тұрғызу және кен орындарын тоқтатпау мақсаты тұрды. Содан бері өткен 30 жылда толыққанды инженерлік мектебімізді неге қалыптастыра алмадық? Егер 2033 жылы кеніштерді өзіміз басқара алмасақ, жауапкершілік ұлттық кадр даярламаған жүйеге жүктеледі, – деген еді Әкежан Қажыгелдин.
Экс-премьер көтерген мәселе қазір нақты экономикалық тәуекелге айналып келеді. Ұлттық маман күрделі өндірістік тізбекті дербес басқара алмаса, Қазақстан келіссөз кезінде шетелдік серіктестің талабына көнуге мәжбүр болады.
Кадр даярлау келісімде міндеттеледі
ҚР Энергетика министрлігі әзірлеген тұжырымдама аталған алшақтықты қысқартуды көздейді. Министр Ерлан Ақкенженов отандық маманды күрделі өндіріске дайындау жұмысы инвестордың еркіне қалдырылмайтынын мәлімдеді. Кадр даярлау енді жаңадан енгізіліп жатқан жақсартылған модельдік келісімшарттардағы міндетті талаптың біріне айналмақ.
Жаңа тәсіл бойынша шетелдік жұмыс күшін ұлттық кадрмен кезең-кезеңімен алмастыру кестесі жасалады. Компаниялар болашақ кадр резервін алдын ала қалыптастырып, қазақстандық маманды нақты қызметке дайындауға міндеттеледі.

Бос орынға кандидат қаралған кезде Қазақстан азаматына басымдық беру қағидаты да күшейтіледі.
– Бағдарлама кадр резервін уақтылы қалыптастырып, шетелдік маманды кейін алмастыратын азаматтарды алдын ала оқытуды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қазақстан азаматтарының кандидатурасын басым тәртіппен қарау көзделген. Негізгі мақсат өндіріс тұрақтылығын сақтай отырып, ұлттық маманның үлесін арттыру, – деді Ерлан Ақкенженов.
Жер қойнауын пайдаланушылар өндірістік шығынының 1 пайызын кадр даярлауға бағыттауға міндетті. 2023-2025 жылдары осы талап бойынша бөлінген қаржы 62, 7 млрд теңгеге жеткен. Министрлік енді қаражатты жалпылама курсқа жұмсамай, халықаралық сертификаты бар инженер, технолог және өндіріс басшысын даярлауға бағыттамақ.
Мәселенің осал тұсы бөлінген қаражат дұрыс жұмсалмауына байланысты болып тұр. Ондаған жыл бойы төленген 1 пайыздың қанша маманды нақты өндірістік басқару деңгейіне жеткізгені жөнінде ашық есеп жоқ. Қаржының бір бөлігі қысқа курсқа, формалды оқуға және қымбат шетелдік тренингке жұмсалған. Осының салдарынан елімізде толыққанды мұнай-газ инжинирингі институтын қалыптасқан жоқ.
Қара алтыннан қалған сұрақ
Жаңа қағидат маманды зауыт пайдалануға берілгеннен кейін іздеу тәжірибесін тоқтатуды көздейді. Қазақстан үш мұнай өңдеу зауытын кеңейтіп, жылына 10 млн тонна шикізат өңдейтін төртінші кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Жобалар аяқталғанда елдегі жалпы мұнай өңдеу қуаты жылына 39-40 млн тоннаға жетуге тиіс.
Министрлік болашақ зауыттың инженерін құрылыс жүріп жатқан кезде даярлауды ұсынды. Технологиялық жабдықты орнатуға қатысқан маман кейін оны пайдалану, жөндеу және жаңғырту жұмысын да жақсы меңгереді. Осы тәсіл мыңдаған қызметкерді кәсіпорын іске қосылғанға дейін дайындауға мүмкіндік береді.
Мұнай өндіру мен өңдеуге арналған кәсіби стандарттар да қайта қаралады. Жаңа буын маманы ұңғыма мен құбыр технологиясын ғана емес, цифрлық және автоматтандырылған басқару жүйесін және жасанды интеллект алгоритмін меңгеруге тиіс. Өндірістің келесі кезеңінде инженерлік білім ақпараттық технологиямен тұтасып жатуы маңызды.
Алдағы жеті жыл Қазақстанның мұнай-газ саясаты үшін шешуші дайындық кезеңіне айналады. 2033 жылға дейін кадр, технология және басқару мектебі жасалмаса, келісім үстеліндегі таңдау еркіндігі тарыла түсетіні белгілі. Қара алтынның тізгінін қолға алу үшін ең алдымен сол тізгінді ұстайтын ақыл мен тәжірибе ел ішінде қалыптасуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







