Сот шешімімен белгіленген қарызын ұзақ уақыт төлемей жүру банктегі ақшадан да, мүліктен де айырылуға әкелуі мүмкін. Кей жағдайда борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Атқарушылық құжаттағы талап орындалмаса, сот орындаушысы борышкердің банк шотындағы ақшаға тыйым салуға құқылы. Оның атына тіркелген үйге, көлікке немесе басқа мүлікке ауыртпалық қойылуы ықтимал. Қарызды өтейтін қаражат табылмаса, заңда көзделген мүлік тәркіленіп, аукцион арқылы сатылуы мүмкін.
Түскен ақша берешекті жабуға жұмсалады. Дегенмен қарыздың болуы адам бірден қылмыстық жауапқа тартылады деген сөз емес. Мұндай шара сот актісін әдейі және ұзақ уақыт орындамағаны дәлелденген жағдайда қолданылады.
Алимент төлемейтіндерге талап қатаңырақ. Берешек екі айдан асса, сот айыппұл салып, бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуы немесе 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жіберуі мүмкін. Қарыз алты ай бойы өтелмесе, белгілі бір жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Борышкер ресми жұмыс істесе, өндіріп алу туралы қаулы оның жұмыс орнына жіберіледі. Жалақысының 25 пайызы күнделікті алиментке, тағы 25 пайызы жиналған қарызды өтеуге аударылады. Қалған 50 пайызы қызметкердің өзінде қалады.
Жұмыс пен мүліктің болмауы қарызды жоймайды. Мұндай жағдайда сот орындаушылары борышкерді жұмысқа орналастыруға көмектесе алады. Ол ресми табыс таба бастағаннан кейін төлем жалақысынан тікелей ұсталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







