Үкімет резервінен Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын салуға 6,5 миллиард теңге бөлінді. Заманауи арена 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.
Президент елдегі футболды дамытып, өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырған болатын. Жаңа стадион осы жұмыстың Ақтөбе облысындағы ірі бөлігіне айналмақ.
Спорт кешені қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта салынып жатыр. Оның сыйымдылығы 35 мың көрерменге дейін жетеді. Мұнда кәсіби командалармен бірге жас футболшыларды даярлауға қажетті жағдай жасалады.
Стадион Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының төртінші деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес жобаланған. Жалпы аумағы 80 мың шаршы метрден асатын спорт ғимараты бес қабаттан тұрады.
Кешенде футбол алаңы, көрермендер трибунасы, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы инфрақұрылым қарастырылады.
Жобаны үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған. Үкімет резервінен бөлінген 6,5 миллиард теңге биыл басталған бірінші кезеңнің жұмысына жұмсалады. Құрылыс толық аяқталған соң Ақтөбе еліміздегі ең ірі әрі заманауи футбол ареналарының біріне ие болады.
Қаладағы қазіргі орталық стадион 1975 жылы салынған және шамамен 13 мың адамға арналған. «Ақтөбе» футбол клубының өз алаңындағы матчтарын көргісі келетін жанкүйер саны кейде арена сыйымдылығынан үш есе асып кетеді. Сондықтан жаңа стадион салу қаланың нақты сұранысынан туындап отыр.
Ақтөбе жұртшылығы үшін футбол баяғыдан жай ғана спорт түрі болып қалған жоқ. Клубтың әр ойыны мыңдаған жанкүйерді біріктіріп, қаланың қоғамдық өміріндегі үлкен оқиғаға айналады. Жаңа арена осы футбол мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Кешенде ішкі чемпионатпен қатар халықаралық деңгейдегі матчтар өткізуге жағдай жасалады. Арена ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды да қабылдай алады. Соның арқасында жаңа стадион футбол алаңы ғана емес, бүкіл өңірдің маңызды қоғамдық орталығына айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







