«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 тамызы аралығындағы ресми қаржы есебін жариялады. Сегіз айдың ішінде қор шотына барлығы 23 миллиард 486 миллион теңгеден астам қаражат жиналған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжаттағы мәліметтер қорды негізінен кімдер қаржыландырып отырғанын, қарапайым халықтың қайырымдылық белсенділігін және түсімдердің нақты көздерін толық ашып көрсетеді.
Миллиардтар қайдан түсті: Үш ірі донор
Қорға түскен барлық қаражаттың 99%-дан астамы небәрі 3 субъектінің жарнасынан құралған. Қалған айдағы өзге түсімдердің көлемі шыны керек мардымсыз.
- «Самұрық-Қазына»: Қордың ең ірі қаржы көзі мемлекеттік холдинг. 20 қаңтар күні «Самұрық» бір траншпен 20 миллиард теңге аудара салған. 8 ай бойы жиналған жалпы соманың 85%-дан астамын осы бір ғана төлем құрап отыр.
- «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотерея операторы: Заң жүзінде бекітілген міндеттемеге сай лотерея табысының белгілі бір үлесін қайырымдылыққа аударатын компания екі мәрте қомақты қаржы бөлген. Сәуірде 1 млрд 48 млн теңге, шілдеде 1 млрд 153 млн теңге құйып, қор қазынасын 2,2 миллиард теңгеден астам сомаға толықтырған екен.
- «ЦМААИ» ЖШС: Компания мамыр айында 23,4 млн теңге, ал шілде айында үш бөліп жалпы сомасы 1,25 миллиард теңге қайырымдылық көмек көрсеткен.
Аталған 3 негізгі төлемді алып тастағанда, қордың қаржылық тізімінде ірі олигархиялық топтар мен қаржы алпауыттарының ауқымды аударымы байқалмайды.
1 теңгелік көмек және күн сайын ақша аударатын жанашырлар
Қаржылық құжаттың ең тосын тұсы қарапайым тұрғындардың ұсақ-түйек аударымдары. Тізімде қомақты жарналармен қатар 1 теңге, 2 теңге, 4 және 5 теңгелік транзакциялар тіркелген. Мұндай тиын-тебен банктердегі саудадан қалған қалдықты қайырымдылыққа аудару функциясы немесе кэшбэктерді бағыттау арқылы түскен.
Мысалы, Bereke Bank арқылы 2 теңге 25 тиыннан бастап 100–200 теңгеге дейінгі ондаған ұсақ жарналар үнемі түсіп отырған.
Сонымен қатар қорды айлар бойы жалақысы мен табысынан тұрақты қаржыландырып отырған азаматтардың есімдері есепте жиі кездеседі:
- Талғат Кенжеболатов есімді донор қаңтардан тамызға дейін апта сайын, кейде 2-3 күнде бір үзбей 2 500 теңгеден аударып отырған.
- Сәрсен Байсәриев жаз бойы күн құрғатпай 100–200 теңгеден тұрақты салып келген.
- Амангелді Қаржаубеков мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған бағдарламаға ай сайын тұрақты түрде 10 000 теңгеден бөліп отырған.
Жеке тұлғалар арасында ең ірі аударым жасағандар қатарында ақпанда 1 миллион теңге аударған Данияр Сейдақбаров пен тамызда 100 мың теңге бөлген Махаббат Құрманованың есімдері бар.
Мүмкіндігі шектеулі жастардың заманауи протезіне жиналған қаржы
Жалпы қор түсімдерінің ішінде «14 пен 29 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» арнайы бағдарламасы ерекше орын алады.
Осы әлеуметтік маңызы зор бағытқа сегіз айда халықтан мынадай қаржы түскен:
- Қаңтарда – 48 274 теңге;
- Ақпанда – 546 393 теңге;
- Наурызда – 1 млн 102 мың теңге;
- Сәуірде – 316 985 теңге;
- Мамырда – 290 407 теңге;
- Маусымда – 146 423 теңге;
- Шілдеде – 160 267 теңге;
- Тамызда – 92 686 теңге.
Жиналған қаражат мұқтаж жастарға қымбат бионикалық протездер орнатып, олардың қоғамға толық араласуына мүмкіндік береді.
Халықтың белсенділігі бәсеңдеген бе?
Қаржылық динамика қоғамның қайырымдылық қорына деген тікелей ықыласының өзгергенін аңғартады. Қор құрылған алғашқы кезеңдегі жалпыұлттық қарқын бүгінде саябырсыған.
Үш ірі корпоративтік донордың миллиондаған жарнасын алып тастаған кезде, бүкіл республика бойынша жеке тұлғалардан түскен қаражат маусым айында бар болғаны 412 мың теңгені, ал тамыз айында небәрі 367 мың теңгені ғана құраған.
Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қорының басты күші халықтық қарапайым жарналардан гөрі, квазимемлекеттік сектордың ресурстары мен заңмен реттелген лотерея түсімдеріне тікелей тәуелді болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







