Болат сауыттың қуаты техникамен ғана өлшенбейді, оның артында суыққанды экипаж бен темірдей тәртіп тұр. Бүгін, 15 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінде танк әскерлері күні аталып өтуде, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіби мереке қызметі бронды техникамен байланысты әскери қызметшілер мен ардагерлерге арналған. Атаулы күннің таңдалуы Ұлы Отан соғысы кезіндегі тарихи оқиғамен байланысты. 1942 жылғы 15 қыркүйекте Шымкент теміржолының жас еңбекшілері майданға «Қазақстан комсомолдары» деген жазуы бар 46 Т-34 танкін тапсырған.
Танк колоннасын жасақтауға қажетті қаражатты жинауға республика жастары түгел атсалысты. Тылдағы еңбек пен майдандағы ерлік осылайша бір мақсатқа тоғысты. Сол тарихи аманат бүгінгі танк бөлімшелерінің жауынгерлік дәстүрінен жалғасын тауып келеді.
Заманауи соғыста танк жалпыәскери ұрыстың маңызды элементі болып қала береді. Алайда ұшқышсыз аппараттар, жоғары дәлдіктегі қару мен жаңа барлау жүйелері бронды техниканы қолдану тәсілін өзгертті. Ендігі жерде танктің қуаты оның сауытынан бөлек, барлау, атыс және маневр құралдарымен үйлесімді әрекет етуіне байланысты.
Қазақстан армиясындағы бронды техникаға техникалық қызмет көрсету мен күрделі жөндеу жұмысын «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамы атқарады. Кәсіпорын Орталық Азияда осы бағытта толық техникалық және технологиялық циклді қамтамасыз ететін жалғыз өндіріс саналады. Мұнда Қарулы күштер қару-жарағындағы бронды техниканың барлық түрі күрделі жөндеуден өтеді.

Танк бөлімшелеріне офицерлерді Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты даярлайды. Кіші мамандар Гарнизонның оқу орталығында кәсіби білім алып, практикалық машықтан өтеді. Болашақ танкистер техника құрылымын меңгеріп қана қоймай, күрделі жағдайда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды үйренеді.
Қазіргі даярлық алдыңғы буынның тәжірибесін жаңа тактика және технологиямен ұштастырады. Танкистер заманауи ұрыс алаңының талабына сай атыс жүргізу, машинаны басқару және бөлімше құрамында әрекет ету шеберлігін жетілдіруде. «Ер жігіт ел үшін туады» деген сөз болат машинаның тізгінін ұстаған сарбаздың қызметіне де дәл келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







