Қазақстан Құс өсірушілер одағының өкілі және «Шаңырақ» компаниялар тобының тең құрылтайшысы Максим Божко Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының (World Egg Organisation — WEO) басқарма мүшесі болып бес жыл мерзімге сайланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сайлау Сингапурда өткен WEO-ның Global Leadership Conference конференциясы аясында ұйымдастырылды. Ауқымды басқосуда әлемнің 80-нен астам мемлекетінен келген жетекші құс шаруашылығы мамандары, өндірушілер, жабдық жеткізушілері мен ғылыми сарапшылар жиналып, салалық бағыттар мен жаһандық күн тәртібін талқылады.
Отандық агросектор үшін жаңа мүмкіндік
Қазақстандық кәсіпкер тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі беделді ұйымның басқару органына еніп отыр. Салалық қауымдастық өкілдерінің пікірінше, аталған қадам отандық құс фабрикаларына жаһандық стандарттар мен тың технологияларға тікелей қол жеткізуге жол ашады.
«Қазақстан құс өсірушілер одағы сегіз жыл бойы WEO құрамында қызмет етіп келеді. Одақ өкілінің ұйымның басқару органына кіруі елдің халықаралық сарапшылар қауымдастығымен көпжылдық ынтымақтастығын түбегейлі жаңа деңгейге көтереді», – деп атап өтті Қазақстан Құс өсірушілер одағының өкілдері.
Конференция барысында Максим Божко арнайы сессияда баяндама жасап, Қазақстандағы құс шаруашылығы тәжірибесі, жем-шөп базасы мен өнім өндіруден бастап оны қайта өңдеуге дейінгі тік интеграцияланған агробизнес моделін таныстырды.
Божко әулеті және құс шаруашылығы кәсібі
Максим Божко — Қазақстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі әрі Мәжіліс төрағасының экс-орынбасары Владимир Божконың ұлы. Ол жетекшілік ететін агроөнеркәсіптік құрылым отандық жұмыртқа нарығының шамамен 8 пайызын және құс еті өндірісінің 5 пайызын қамтамасыз етеді.
Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымы (World Egg Organisation) дүниежүзілік өндірушілерді біріктіретін негізгі сараптамалық орталық саналады. Ұйым халықаралық ветеринариялық және сауда стандарттарын жетілдірумен, нарық аналитикасымен айналысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







