АҚШ Конгресі Ресейге және оның энергі ресурстарын сатып алушыларға қарсы жаңа экономикалы шектеуді қарастыратын ауқымды заң жобасын мақұлдады. Екі палатаның қолдауына ие болған құжат түпкілікті күшіне енуі үшін Дональд Трамптың қол қоюына жолданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжатты 262 конгрессмен қолдап дауыс берсе, 159 өкіл қарсы шыққан. Айта кетерлігі, партия басшылығының ұстанымына қарамастан, 58 демократ заң жобасын республикашылармен бірге қолдаған. Тамыз айында құжатты АҚШ Сенаты да 86 дауыспен бекіткен болатын.
Аталған бастаманы кезінде марқұм сенатор-республикашыл Линдси Грэм бір жылдан астам уақыт бойы ілгерілетіп келген еді. Саясаткер биылғы шілдеде кенеттен дүниеден өткен соң, қос партия өкілдері оның құрметіне заң жобасын соңына дейін жеткізіп, қабылдауға күш салды.
Құжаттың ресми атауы да «Линдси О. Грэмнің Ресей мен Иранға қарсы 2026 жылғы санкциялар туралы заңы» деп аталды.
Заң жобасының басты қаупі: Мұнай сатып алушыларға 100 пайыздық баж
«Тозақ санкциялары» деген бейресми атау алған құжат Кремльдің энергетикалық, банк және әскери-өнеркәсіптік кешеніне қысымды барынша күшейтуді көздейді.
Заңның ең басты әрі тосын жаңалығы – АҚШ Президентіне ресейлік мұнай мен табиғи газды ең көп көлемде сатып алатын бес ірі мемлекеттің тауарларына 100%-ға дейін кедендік баж салығын енгізу құқығы берілді.
Бұған қоса, Мәскеуге энергетикалық шектеулерді айналып өтуге көмектесетін елдерге де осындай тарифтер белгіленбек. Заң мәтінінде нақты мемлекеттер көрсетілмегенімен, қазіргі таңда ресейлік шикізаттың негізгі тұтынушылары Қытай мен Үндістан болып отыр.
Сонымен қатар жаңа ережелерге сәйкес:
- Ресейдің барлық тауарына салынатын баж салығы 500%-ға дейін өсуі мүмкін;
- Ресейлік мұнай, уран және көмір тасымалдайтын «көлеңкелі флот» кемелеріне толық бұғаттау қойылады;
- Ресейдің жоғары басшылығына, ірі кәсіпкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне жеке қаржылық санкциялар енгізіледі;
- Иранның мұнай-газ секторына қарсы қосымша шектеулер бекітіледі.
Кремльдің реакциясы
Вашингтонның әлгі әрекетіне Мәскеу бірден жауап қатты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков құжаттың қабылдануы дипломатиялы диалогты одан әрі қиындататынын ескертті. Кремль өкілі жаңа шектеулер бейбіт келіссөз процесіне кері әсер етеді деп отыр.
«Біз, әрине, аталған құжаттың өту барысын бақылап отырмыз. Бұл тобықтан шалатын әрекеттің қатарына жатады және АҚШ тарапынан қандай да бір қосымша санкциялардың енгізілуі соғысты тоқтату жолдарын іздеп, бітімге келуді тығырыққа тірейді», – деді Дмитрий Песков.
Ендігі шешім Ақ үй басшысының қолында. Бұған дейін Дональд Трамп заң жобасын қолдайтынын және оның редакциясына өз әкімшілігі де атсалысқанын айтқан болатын. Президент құжатқа қол қойса, Ресей шикізатын импорттайтын елдер халықаралық саудада үлкен кедергілерге тап болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







